Арал ауданында балық шаруашылығы жыл санап дамып келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан да түрлі қолдаулар бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын іргетасы қаланған «ARAL SEA FOOD» ЖШС-нің, балық өнімдерін тереңнен өңдеу және пластикалық қайықтар шығару цехы өз жұмысын жолға қойған.
Алғашқы кезеңінің құны 160 млн. теңге болса, бүгін іске қосылған екінші кезеңінің жобан құны 125 млн. теңгені құрап отыр. «Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту» картасына енгізілген жобада 5 аралдық еңбек етуде.
Балықтың жон етін шығаруға бағытталған өндіріс орнының қуаттылығы жылына 4 мың тоннаны құрайды.
Жаңадан іске қосылған цех ендігі кезекте балықты қалдықсыз өндіруге мүмкіндік бермек. Қуаттылығы тәулігіне 10 тонна болса айына 260 тонна балық ұнын шығарады. Сондай-ақ 13 тонна балық майын өндіруге қауқарлы.
Балық өңдеу цехына облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов барып, ата кәсіпті түлетіп отырған кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.
Атап өту қажет, аталған серіктестікте Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісі бар. Өңделген балық өнімдерін Қазақстанның өзге аймақтарына, ТМД елдеріне экспорттауға мүмкіндігі бар цехта барлық заманауи құрал-жабдықтар, қатыру құрылғылары орнатылған. Алдағы уақытта серіктестік жергілікті еңбеккерлер санын арттыруды көздеуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<