Биыл Арал теңізі күні сегізінші рет атап өтілуде. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) ұйымдастырған халықаралық тұрақты даму форумында қордың құрылған күнін – 26 наурызды «Арал теңізі күні» деп атап өту туралы шешім қабылданды. Атаулы күнге орай Аралда «Арал өңірінің тәжірибесі, бүгінгі заман және болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Мақсаты – Арал өңірінің қазақстандық бөлігінде экологиялық қауіпсіздікті және адами капиталды арттыру бойынша жоспарланып отырған іс-шаралардың өзекті аспектілерін қарастыру мен талқылау. Шараны аудан әкімінің орынбасары Шерхан Есжанов ашып, айтулы күнге орай атқарылған бірқатар жұмысқа тоқталды, сондай-ақ аудан әкімдігі тарапынан ХАҚҚ бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Мұнан соң ХАҚҚ атқарушы комитетінің өкілі Мүсілім Жиенбаев сөз алып, ҚР-ның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығы, оң тәжірибе және алға қойған мақсаттарын қозғады. Оның айтуынша, теңізді сақтауда, оны өз деңгейіне жеткізуде өзге елдердің мүддесін ескере отырып, мамандар тиімді шара қабылдауы керек.
– Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетіне төрағалық ету кезегі үш жыл сайын Орталық Азияның елдері арасында ауысып отырады. Өткен жылдан бастап Қазақстан төрағалық етуде. Бұл – біздің еліміз үшін үлкен мүмкіндік. Әсіресе, Арал теңізіндегі тіршілікті қалыпты жағдайға келтіру үшін сала мамандары қордың мүмкіндіктер аясын кеңейте отырып, тиісті жобаларды қолға алуы қажет, – деді Мүсілім Рысмаханұлы.
Кіші Арал теңізі кемеріне келу үшін жыл сайын 3 миллиард текше метр су құйылып тұруы тиіс. Соңғы 3-4 жылда Сырдария өзеніндегі су азайып, айтулы айдынның деңгейі төмендеп кеткен.
Жиында Сырдария өзенінің атырабы мен Солтүстік Арал теңізін сумен қамтамасыз етуді жақсарту жөніндегі шаралар: болжамдар мен жоспарлар туралы мәселе көтерілді. Бұл жөнінде Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғанов баяндады.
– Өткен жылдың қараша айында Ашхабад қаласында болған мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 87-ші отырысында «Шардара» су қоймасына 10 млрд 938 млн текше метр су түсу болжанған. 2024 жылдың 1 қазаны мен 2025 жылдың 20 наурызы аралығында 12 млрд 344 млн текше метр су келді.
Ал Арал теңізіне 1 млрд 672 млн текше метр су түсетіні болжанған, есепті мерзімде 1 млрд 620 млн текше метр су келді. Жыл басынан бері Арал теңізіне 955 млн текше метр су жіберілді. Бүгінде Солтүстік Арал теңізінің су деңгейі – 41,30 м БЖ, жиналған су көлемі 23 млрд 26 млн текше метр. Бұл – Сырдария өзенімен облысқа жіберіліп жатқан судың ұлғаюының арқасында қол жеткізген нәтиже. Қазіргі таңда секундына 336 текше метр су өтуде. Су жіберудің бекітілген кестесіне сәйкес Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен бірлескен жұмыс жасалып, нәтижесінде келіссөздер орындалуда, – деді ол.
Айта кетейік, «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру жобасының аяқталу кезеңі жақын. Бүгінде Қарашалаң көлі мен Сырдария өзенінің арасындағы екі учаскеде бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары, «Тәуір» қорғаныс бөгетінің құрылысы және «Қарашалаң-1» каналын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жылдың соңына дейін «Көкарал» бөгетін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жобалар жүзеге асқан жағдайда, Солтүстік Арал теңізін сақтауға және судың тұздылығын төмендетуге ықпалын тигізетін болады.
– Десе де әлі түйіні тарқатылмаған мәселелер бар. Арал өңірінің су-энергетикалық ресурстарын ұтымды пайдалану үшін Орталық Азияның (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) су-энергетикалық ынтымақтастығы тетігін құру қажет. «Ақлақ» су торабын, «Көкарал» бөгетін реконструкциялау және Сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру, қыс-көктемгі мол суды жинау үшін Қараөзек тармағында су қоймасын салу, Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін суландыру үшін, Аманөткел ауылының маңына су торабын салуымыз керек, – деді Зейнулла Молдағалиұлы.
Арал өңірі үшін жердің шөлейттенуі, тозуы, шаңды дауылдардың орын алуы да маңызды мәселеге айналуда. Теңіз суының тартылуы облыс көлеміндегі экологиялық жағдайды күрт нашарлатып жіберді. Теңіз табанынан ұшқан құмды дауылдар тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды атмосфераға таратып, барлық тіршілік көзіне нұқсан келтіруде. Ұшқан шаң-тозаңның ізі ұзынынан 400 шақырымға және көлденеңінен 40 шақырымға дейін жетеді екен. Шаңды дауылдардың радиусы 300 шақырымды қамтиды. Арал теңізінің құрғаған ұлтаны 6 млн гектарды құрайды, оның 2,8 млн гектары Қазақстан аумағында орналасқан.
– Осыншама аумақты тұз басып, шөлейтті жер аумағы көлемінің ұлғаюы жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің көбейіп өсуіне кері әсерін тигізуде. Қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтайтын бірден-бір амал теңіз ұлтанына сексеуіл, сарсазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктерді егу екенін соңғы жылдардың тәжірбиесі дәлелдеп отыр. Сексеуілдің бір түбі 10-нан 100 тоннаға дейін құмды бекітіп ұстай алады. Бұл бағыттағы жұмыс өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында Қазақ орман ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жасаған жобалары бойынша басталып, 1993 жылға дейін атқарылған. Сол уақытта барлығы 54 мың гектардан аса теңіздің құрғаған ұлтанына облыстағы барлық орман мекемелерінің күшімен сексеуіл, сарсазан, жыңғыл егілген. Бүгінгі күні содан 20,7 мың гектар сексеуіл, 11,7 мың гектар сарсазан, 1,5 мың гектар жыңғыл екпелері табиғи көбею деңгейіне жетті.
Өкінішке орай бұл жұмыстар қаржы тапшылығынан 1994 жылдан 2001 жылға дейін тоқтап қалған. Тек 2001 жылдан бастап қайта қолға алынып, бөлінген қаржы көлеміне қарай Арал теңізінің құрғаған ұлтанына жылына 2,5 мың гектарға дейін сексеуіл егуге мүмкіндік жасалды. Осы уақыт аралығында жергілікті бюджет есебінен барлығы 60600 гектар жерге сексеуіл ағаштары егілді. Сонымен қатар бұл жұмысқа халықаралық ұйымдардың қаржыларын тарту қарастырылды, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Айбек Жолақанов.
Осы орайда Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме директорының орынбасары Медет Нұрланұлы да теңіз ұлтанынан ұшқан тұз бен құмды тоқтатудың бір ғана нәтижелі жолы ретінде теңізге агротехникалық талаптарды орындау арқылы суарусыз және тұздалған топыраққа бейім галофитті өсімдіктерді (сексеуіл, сарысазан, қарабарақ, жыңғыл) отырғызуды алға тартады.
Өңірде Арал маңының қазақстандық бөлігін дамыту бойынша бірқатар шара қабылданған. Оның ішінде 2021 жылға дейін 192,8 мың гектарына фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізілсе, қазіргі таңда, Мемлекет басшысының бес жыл ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егу тапсырмасы бойынша жұмыстар жасалуда. Мәселен, биыл 440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофитті тұқымдарын егу жоспарлануда. Оның ішінде 100 мың гектар жерге ормандандыру жұмыстары облыстық деңгейде жүргізілетін болса, қалғаны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті арқылы жүзеге аспақ.
– Облыс бойынша орманды толықтыру жұмыстарына қажетті көшеттермен қамтамасыз ету үшін 8 орман шаруашылығы мекемелерінде 150 га уақытша тұқымбақтар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, фитоорманмелиорациялық жұмыстары үшін халықаралық ұйымдардың қаржысын тарту бағытында шаралар қабылдануда. Мысалы, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында 2021 жылдың 20 тамызында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен облыс әкімдігі арасында «Қазақстан Республикасындағы ландшафтарды қалпына келтіру жөніндегі» Дүниежүзілік Банк Жаһандық экологиялық қоры-7 (ДБ-ЖЭҚ-7) жобасын іске асыру мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сондай-ақ Қызылорда қаласының айналасында 3000 га алаңда Жасыл аймақ құру жұмыстары жүргізілді. Арал теңізіне қажетті сексеуіл көшеттерін өсіру үшін Қазалы орман мекемесінің аумағында 33,5 га жерге орман тұқымбағы пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, – деді М.Нұрланұлы.
Жиын барысында «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының директоры Хамит Қаниев «Барсакелмес қорығына 85 жыл: биоәртүрлілік пен тұрақты дамудың кепілі» тақырыбында, ЮНЕСКО жаһандық геопарк жөніндегі ҚР Ұлттық комитетінің өкілі Саида Нигматова онлайн режимде ««Geopark Aral» жобасы: мүмкіндіктері мен болашағы» жайында баяндаса, «Янган-Тау» ЮНЕСКО геопаркінің өкілі Башқұртстанда жүзеге асырылып жатқан геопарктің жағдайымен таныстырды. Айта кетейік, жиынға онлайн режимде Өзбекстан, Душанбе елдерінің мамандары да қатысты.
Жалпы жиын соңында Халықаралық Аралды құтқару қоры ҚР АД директоры Серікәлі Мұқатаевқа қатысушылар бірқатар ұсыныс жасады. Оның қатарында «Саратс- 2» жобасын жалғастыру, қаржы мәселесін шешу жұмыстары бар. Егер ІІ кезеңі басталса, өңірде 39 жоба жүзеге аспақ. Сондай-ақ алдағы жылы өтетін Ұлттық құрылтайда мамандар кеңесімен Арал мәселесі көтерілсе, мұнан бөлек геопаркті жетілдіруге кеңінен көңіл бөлінсе, жиында көтерілген мәселе айтылған жерде қалмай жүзеге асуына ықпал етсеңіздер деген ұсыныстар тасталды. Шараны қорытқан Серікәлі Мұхаметкәрімұлы барлық мәселені хаттамаға түсіріп қана қоймай алдағы уақытта олардың жүзеге асуына барынша қолдау білдіретінін жеткізді.
«Арал теңізі күнінің» екінші жартысы экологиялық акцияға ұласты. Қатысушылар «Балықшылар аллеясына» көшет отырғызды. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында футбол турнирінің финал ойыны өтіп, жеңімпаздарды марапаттады.
Жалпы қазіргі күні Арал теңізінің тартылуы бүкіл әлемнің назарын аударған үлкен проблемаға айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген сөзінде Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екенін баса айтты.
«Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек», – деді Қазақстан Президенті.
Расымен, Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерді біріктіріп, ел болып күш салуымыз қажет. Сонда ғана нәтижелі жұмыстың болатыны, сол кезде ғана Аралдың ертеңі кемелденетіні сөзсіз.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
Қызылорда-Арал-Қызылорда
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<