Арал теңізі аумағына 3,6 млн түп сексеуіл егілді

1208

0

Арал теңізінің тартылып қалған жерлерін көгалдандыру мақсатында биыл көктемде 3 млн 600 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арал теңізінің суы тартылып қалған жерлерге сексеуіл отырғызу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы 100 мың га жерге сексеуіл көшеті егілген болатын. Биыл көктемде теңіз аумағындағы кеуіп қалған жерлерге 3 млн 600 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылды. Аталған жұмыс күзде жалғасын табады», – деді Ерлан Құтпанбаев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, биыл Арал теңізі түбінде 250 мың га жерге сексеуіл отырғызылмақ.

«Теңіз аумағын көгалдандыру жұмысына біздің министрлікпен қоса, жергілікті әкімдік те қолдау танытып жатыр. Ағаш көшетін отырғызу жұмысына 800-ден астам маман, сонымен қатар 300-ден астам техника тартылды. Одан бөлек, Арал теңізінің кеуіп қалған аумағын көгалдандыру жұмысына БҰҰ, Германия қауымдастығы, Дүниежүзілік банк және басқа халықаралық ұйымдардың өкілдері тартылды. Осы орайда, Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қазалы ауданы аумағында питомниктер орталығын ашу жоспарланып отыр. Ол үшін биыл қажетті техника мен құрал-жабдық сатып алынады», – дейді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<