Арал теңізінің ахуалы, ойран еткен орман өрті, түтін мен қоқыс

475

0

Коллаж Kazinform

Еліміздің экологиялық ахуалына алаңдайтындар аз емес. Экологтер былай тұрсын, қарапайым тұрғындардың өзі зауыт мұржасынан шыққан қою түтіннен-ақ қордаланған мәселелердің барын бағамдап отырады. Бұл ретте, осыдан үш жыл бұрын елімізде Экологиялық кодекс қабылданып, түйткілдердің түйінін тарқатуға нық қадамдар жасалған болатын. Осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды? Оң нәтижелер бар ма? Қандай мәселелер шешімін таппай келеді? Осы және өзге де сауалдарға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді.

– Ерлан Нұралыұлы, Арал теңізінің қазіргі ахуалы қандай? Ғалымдар тартылып бара жатқан теңіздің табиғатын зерттеп, «бұл – бүкіл әлемде бұрын-соңды кездеспеген экологиялық апат» деп баға бергені белгілі. Теңіздің жағдайын ретке келтіру бойынша нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Министрлік өз құзыреті аясында Қызылорда облысының жер үсті суларының сапасына мониторинг жүргізеді. Атап айтсақ, облыс аумағында орналасқан 2 су нысанындағы (Сырдария өзені және Арал теңізі) 7 тұстамада тиісті сынамалар алынады. Жер үсті суларын зерттеу кезінде сынамалардан су сапасының 35 физикалық және химиялық көрсеткіштері анықталады. Бұл ретте, 2022 жылмен салыстырғанда Сырдария өзеніндегі су сапасы айтарлықтай өзгермегенін атап өткен жөн.

Қазіргі таңда Арал теңізінің құрғаған түбінің жалпы ауданы – шамамен 6 млн гектар. Оның 2,8 млн гектары – Қазақстан аумағында. Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған табанында агротехникалық талаптарды орындау арқылы суарусыз және тұздалған топыраққа бейім галофитті өсімдіктерді (сексеуіл, сарсазан, қарабарақ, жыңғыл) отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2021 жылы Мемлекет басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде сексеуіл екпелерін отырғызу жолымен жалпы ауданы 1,1 млн га орман мелиорациялық жұмыстарды жүргізу міндетін қойған болатын. Осы ретте, ғалымдар тұзы аз топырақтарда сексеуіл егуді, неғұрлым тұзды топырақтарда галофитті өсімдіктердің (қарабақ, сарсазан) тұқымдарын себуді ұсынды.

2021 жылдан бастап 2023 жылға дейін 544,5 мың га алқапта орман мелиорациялық жұмыстар орындалды. Биыл 275 мың гектар аумақта, ал 2025 жылы 280 мың гектар жерде жүргізіледі. Орман отырғызу жұмыстары шаңды және тұзды дауылдарға, аймақтағы экологиялық жағдайдың бұзылуына тосқауыл болады. Сонымен қатар, топырақ эрозиясының алдын алу, оның құнарлылығын арттыру, Арал теңізінің құрғаған түбіндегі өсімдіктердің биоәртүрлілігін арттыру және кеңейтуге өз септігін тигізеді.

Қолмен шашылған галофитті өсімдіктердің тұқымы ары қарай өздігінен, табиғи жолмен тарала береді деген тұжырым бар. Мұның бәрі ондағы Арал өңіріндегі микроклиматтың, санитарлық-гигиеналық жағдайдың жақсаруына әсер етуге тиіс.

 Елімізде ара-тұра тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелер туындап жатады. Әлемде қоқысты қайта өңдеу табысты бизнес екені белгілі. Ал, бізде бизнес былай тұрсын, қоқыс тастау мәдениеті қалыптаса қоймағанын жасыра алмаспыз. Бұл жайында не айтасыз?

– Қалдықтармен жұмыс істеу маржиналды бизнес әрі әлеуметтік сипатқа ие. Ал кәсіпорындардың негізгі табысы тарифке байланысты. Осы орайда, кәсіпорындардың аталған салада жұмыс істеуге қызығушылығын арттыру үшін қосымша қолдау шаралары талап етіледі.

Биыл 5 ақпанда қалдықтарды басқару саласындағы мамандандырылған кәсіпорындарға төлемдер беру тетігі қайта іске қосылды. Сондай-ақ, өңірлердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында кәдеге жарату төлемінің қаражаты есебінен инфрақұрылымдық жобаларды (қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу) жеңілдікпен қаржыландыру механизміне қатысты ҚР Үкіметінің қаулы жобасы қабылданды. Оның сыйақы мөлшерлемесі 3 пайызға тең. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қарыз жасасу мерзімі 3 жылдан 15 жылға дейін, жобаларға бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңге болды.

Жалпы, ҚР Экологиялық кодексінің 365-бабына сәйкес қалдықтармен жұмыс істеу мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңда Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен білім берудің барлық деңгейлеріндегі оқушыларға экологиялық білім беру бойынша кешенді іс-шараларды қамтитын 2023-2029 жылдарға арналған экологиялық білім беру және тәрбиелеу іс-шараларының жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес балабақшадан бастап университетке дейінгі оқу бағдарламаларына қалдықтарды басқару мәдениеті мәселелерін әзірлеуге және енгізуге қатысты жұмыстар жүргізіледі.

– Қоқыс дегеннен шығады, елімізде жыл сайын заңсыз полигондар саны артпаса, кемитін түрі жоқ. Айыппұл мәселені шешпейтініне көз жетті. Қайтпек керек?

– 2018 жылдан бастап Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп, ел аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыстарды анықтау және жою жұмыстарын жүргізіп келеді.

Құқық қорғау органдарымен және әкімдіктермен бірлескен жұмыс нәтижесінде соңғы 3 жылда рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері санының азаю үрдісі байқалады. Мәселен, 2020 жылы – 8884, 2021 жылы – 7328, 2022 жылы – 5683 үйінді тіркелді.Биыл 29 ақпанға дейінгі ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес, 5533 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталды. Олардың 86% – ы немесе 4733-і жойылды.

Қалдықтарды жинақтау, жинау, тасымалдау, есепке алу, қалпына келтіру, жою және залалсыздандыру жөніндегі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 2022 жылы жалпы сомасы 17 864 819 теңгеге 194 лауазымды тұлға (әкімдер мен әкімдердің орынбасарлары), 2023 жылы жалпы сомасы 17 293 125 теңгеге 152 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде министрлік аумақтық департаменттермен қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың жолын кесу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Осы жоспарды орындау шеңберінде апта сайын рейдтік іс-шаралар жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта әкімшілік жауапкершілікті күшейту мақсатында министрлік ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне өзгерістер енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Онда белгіленген орындардан тыс жерлерде қоқыс шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті 50 АЕК-тен (172,5 мың теңге) 200 АЕК-ке (690 мың теңге) дейін ұлғайту көзделеді. Қайта бұзушылық әрекет тіркелсе 2 есе мөлшерде айыппұл салынады.

Былтырғы дерекке сәйкес, республика бойынша 3016 полигон бар. Оның ішінде экологиялық және санитарлық талаптарға 624-і (20,7%) ғана сәйкес келеді.

– Кейінгі жылдары елімізде орман өрті жиілеп кетті. Заңсыз ағаш кесу тағы бар. Бұл ретте, орманды қалпына келтіру жұмыстарының барысы қалай?

 2023 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында 810 орман өрті тіркелді. Жалпы ауданы 116 801 га жайылған өрттен келтірілген залал мөлшері 163,2 млрд теңгеге тең.

Былтыр мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерінде және табиғат қорғау мекемелерінде тексеру кезінде анықталған заңсыз ағаш кесу көлемі 3 205 м3 болды. Ревизия жасалған кезеңде хаттамаға түскен заңсыз кесуден алынған сүректің саны олардың жалпы көлемінің 95%-ы екені анықталды.

Былтыр орман айналымдарының ревизиясын талдау Шығыс Қазақстан (1268 м3) және Қостанай (546 м3) облыстарының мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерінде орманды заңсыз кесуге үлкен көлемде жол берілгенін көрсетті.

Қазіргі уақытта министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің техникалық жарақтандырылуы – шамамен 70%.

Орман алқаптарында өрт қаупін болдырмау үшін цифрлық технологияларды енгізу, пилотсыз ұшу аппараттарымен қамтамасыз ету және тағы басқа шаралар кешені қабылданады. Мәселен, 2023 жылы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (182,1 мың га) және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты (278 мың га) аумағында орман өрттерін ерте анықтау жүйелері орнатылды.

Алматы қаласында «Медеу» МӨҚК аумағындағы қол жетпейтін жерлерде табиғи өрттердің алдын алу мен ерте анықтау мақсатында 250 млн теңгеге 3 оптикалық-сенсорлық және жылу бейнелеу қондырғылары сатып алынды.

Солтүстік Қазақстан облысында 12 орман шаруашылығы мекемесінің 11-інде 16 интерактивті бейнебақылау камераларының кешендерімен тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Биыл «Семей орманы» МОТР» РММ-да өртті ерте анықтау жүйесін орнату мақсатында Қаржы министрлігіне қаржыландыру үшін республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде өтінім дайындалды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерін жарақтандыру мақсатында республикалық бюджет қаражаты есебінен 12 пилотсыз ұшу аппаратын жеткізуге екі жылдық шарт жасалды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде 71 пилотсыз ұшу аппаратын сатып алынды. Азаматтық қорғау органдарының 80 қызметкері «ПҰА операторы» сертификатын ала отырып, ПҰА пилоттау және пайдалану бойынша оқудан өтті.

Жалпы, азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары шеңберінде табиғат қорғау мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 68,6 млрд теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, 2023 жылғы 22 қыркүйекте Президент жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында «орман өрттерін ерте анықтау жүйесі» жобасын іске асыру мақұлданды.Осы жоба шеңберінде елдің орман қоры аумағында өрт кезінде жедел шешімдерді қабылдау және ерте анықтау мониторингі үшін бірыңғай ахуалдық орталық құру көзделіп отыр.

– Тұрғындар ірі зауыттардың мұржасынан тарайтын қою түтінді көріп денсаулығына алаңдап жатады. Осы орайда, кәсіпорындар сүзгілер орнату сияқты экологиялық талапты қаншалықты орындап жүр? Зауыт аймағында жасыл желек отырғызу ісі қандай деңгейде жүзеге асады? Былтыр экологиялық ережелерді бұзғаны үшін қанша зауытқа айыппұл салынды?

– Зауыттарға қоршаған ортаға шығарындылардың технологиялық нормативтерін асырғаны үшін, атмосфералық ауаны қорғау және су объектілерін ластанудан, бітелуден қорғау жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін 2023 жылы 239 770 888 теңге сомасына 40 әкімшілік айыппұл салынды.

Жалпы, әр зауыттың экологиялық талаптарды жүйелі орындауы – басты назарда. Шалыс басса, айыппұл арқалайтынын түсінген кәсіпорын басшылары талаптарды қатаң сақтауға тырысатыны анық.

– Киік мәселесі қоғамда әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. «Ет пен мүйізді, жануардың терісін кәдеге асыру үшін өндіріс ашу керек. Оған арнайы тоңазытқыш, етін мүшелеп бөлетін арнайы сою цехы қажет» деген пікірлер айтылады. Сіздің пікіріңіз қандай?

– 2023-2024 жылдың күз-қыс мезгілдерінде киіктер популяциясын реттеу шараларын өткізуді арнайы мамандандырылған ұйым «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК жүзеге асырады.

Ауланған киіктердің ұшасы, сонымен қатар терісі келісімшартқа қол қойған ет комбинаттарына тапсырылып отырады. Ал киіктің мүйізі «Охотзоопром» мекемесінің иелігінде сақтауда болады.

Нарықтық заманда киіктің еті мен мүйізін, терісін кәдеге асыру үшін жаңа өндіріс ашу – бизнестің бір бағыты. Жаңа өндірісті ашу жеке немесе заңды тұлғаның құқығында. Ал киік санын реттеуші орган жануар етін тапсыру бойынша келісімшарттарды реттейді.

– 2019 жылы Numbeo статресурсы қоршаған ортаның ластану деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингісін жария­лады. Онда Қазақ­стан әлемдегі 109 елдің ішінде 25-орынға тұрақтады. Бұл – елімізде төмен экологиялық ахуал қалыптасып отырғанын көрсететіні анық. Осы ретте, елімізде жаңа Экологиялық кодекс қолға алынғаннан бері не өзгерді?

Жаңадан қабылданған Экология кодексіне сәйкес қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері әзірленіп, бекітілді.

Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері деп – қоршаған ортаның жекелеген құрамдастары жай-күйінің сандық және сапалық сипаттамаларының және қоршаған ортаны қорғау және белгілі бір уақыт кезеңінде қол жеткізілуге тиіс қалдықтарды тиімді басқару жөніндегі шаралардың қамтамасыз етілу деңгейін сипаттайтын өзге де көрсеткіштердің жиынтығын атаймыз.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары әрбір бес жылдық кезеңге арналған сапаның нысаналы көрсеткіштерін әзірлеуге міндетті.

Жаңа Экология кодексі қолданысқа енбей тұрып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға қоршаған ортаға жағымсыз әсер үшін төлем сомаларды мақсатты жұмсау міндеті болмаған. Жергілікті атқарушы органдар аталған қаражаттың орташа есеппен тек 45 пайызын ғана қоршаған ортаны қорғауға бөлген.

Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жергілікті бюджетке түскен, қоршаған ортаға жағымсыз әсер үшін төлем сомаларынан кем емес көлемде бюджет қаражаты есебінен іске асырылады. Бұл норма Бюджет кодексінде де көрініс тапқан.

Жаңа экологиялық кодекстің «ластаушы төлейді және түзетеді» деген қағидасы бар. Мем­лекет табиғатты пайдаланушыға экологиялық айыппұл төлеткенше, қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермейтін шаралар қолдануы керек. Бұдан бөлек, экологияға зиян келтірген ластаушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына кел­тіруге міндетті.

Келесі мәселе эмиссия төлеміне қатысты. Үздік қолжетімді технологияларды енгізген компаниялар эмиссиядан босатылады. Ал жалпы эмиссиядан түскен қаржы 100% экологиялық шараларға жұмсалады. Бұрын эмиссиядан түскен қаражат қалалардың бюджетіне түсіп, жолдың жасалуы сынды экологиядан тыс салаларға жұмсалатын. Жаңа кодекстің тағы бір ерекшелігі қалдықтарды өндіру мен басқаруға қатысты. Енді айыппұл көлемі 10 есеге артады. Қалдықтарды қайта өңдеп, жоятын кәсіпорындар лицензияланып жатыр.

– Елімізде экотуризмді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегеннің кері болып, барымызды бағалай алмай жатқан жоқпыз ба?

Жыл сайынмемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағына келушілердің саны артып жатыр. 2022 жылы 2 млн адам тіркелсе, 2023 жылы 2,4 млн жуық адамның жолы түскен.

Осы орайда, парк аумақтарында экотуризмді дамыту жұмыстарына баса мән беріліп отыр. Оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы өзектендіру, жаңа маршруттар құрып, оларды абаттандыру, визит-орталықтар салу, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу, цифрландыру және инженерлік инфрақұрылым (жолдар, электр беру желілері, құбырлар) салу – басты назарда.

Сонымен қатар халықты және өскелең ұрпақты экологиялық сауаттандыру мақсатында мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында табиғатты қорғау акциялары өткізілетінін атап өткен жөн.

– Министрлік тұрғындармен қаншалықты байланыс орнатқан? Қазақстандықтар көбіне қандай мәселемен жүгініп жатады?

– Экология мәселесі әрдайым халықтың назарында екені рас. Біздер үнемі жеке қабылдаулар, өңірлерде халықпен кездесулер өткізіп тұрамыз. Тұрғындардың пікірі біз үшін маңызды. Өңірлерде көтерілетін мәселелер әртүрлі. Әсіресе, заңсыз қалдықтар полигондары, әр өңірдің экологиялық ахуалы, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу, экологиялық жобалар, жергілікті мекендерді көгалдандыру сияқты мәселелер жиі көтеріліп тұрады.

Бір атап өтерлігі, азаматтардың экологиялық ахуалды өзгертуге бағытталған көптеген жобалары бар екені қуантады. Эковолонтерлер де көп арамызда. «Ноу-хау» ұсыныстарымен де министрлікке жүгінетіндер аз емес. Әсіресе, жастардың ұсыныстары басым. Олардың экосананы өзгертуге қосар үлесі зор, сол себепті өз тарапымыздан барынша қолдауға тырысамыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<