Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз табиғатпен бірге тіршіліктің де түлеп, әр шаңыраққа береке мен ырыс әкелетін ерекше мереке. Арал ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік шарасы Ынтымақ күнімен тұспа-тұс келді. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, аудан тұрғындары қатысты.
Орталық алаң Ұлыстың ұлы күніне сай безендіріліп, жиналған жұртшылық қолөнер туындылары және тарихи жәдігер қойылған көрмені, ұлттық ойындарды, қыз бен жігіт айтысын тамашалады. Аймақ басшысы тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауымен жүзеге асқан Сыр өңіріндегі байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың маңызы зор. Былтыр осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд теңге болған облыс бюджетін 750 млрд теңгеден асырдық. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды. Сәулеті мен сәні келіскен жаңа ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне табысталды. Жергілікті кәсіпкерлер, осы елден шыққан меценаттар, туған жерін түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерін салып, демеушілік көрсетті, белсенділік танытты. Алдағы уақытта да бекем бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында өңіріміздің экономикасын тұрақты дамытатын, елдің игілігі мен балаларымыздың болашағы үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге толайым табыстарымен, жаңалықтарымен келсін! Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың келешегі кемел болсын деп тілеймін! – деді облыс әкімі.
Мерекелік шарада «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай Арал қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов жүрекжарды тілегін жеткізсе, Қызылорда облысының құрметті азаматы Биғали Қаюпов батасын берді.
Жиналған қауым қолөнер және тарихи жәдігерлер көрмесін, ұлттық ойындардан өткен сайыс, балықшы қауымының өмірі мен ауыл тұрмысын бейнелейтін қойылымды тамашалады. Арнайы атау берілген киіз үйлерде құрсақ шашу, босаға майлау секілді ұлтымыздың салт-дәстүрі дәріптелді. Сонымен қатар, кітап көрмесі, Ұлы Отан соғысына қатысты құжаттар мен экспонаттардың таныстырылымы ұйымдастырылып, шаш өру, шашбау тағудан шеберлік сағаты болды. Ұлттық спорт түрлері – қазақ күресі, асық ату, садақ ату, бес асық, тоғызқұмалақ ойындарынан сайыс өтті.
Ынтымақ күні аясында өткен әз Наурыз кешкілік «Арал» вокалды-аспаптық ансамблінің жанды дауыстағы мерекелік концертімен түйінделді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<