Аралда Отан қорғаушылар мерекесі аталып өтілді

847

0

Кеше Арал ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған «Мықты әскер – Тәуелсіздік тірегі» атты салтанатты кеш өтті.


Отан үшін жан берген бабалардың ерлік істерінен сыр шертетін кеште алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Гимн орындалды. Мұнан соң аудан әкімі Серік Сермағамбетов жиналған қауымды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Халқымыздың ерлік дәстүрін танытатын бұл мереке біз үшін қашанда құнды әрі қадірлі. Батыр бабаларымыз осынау кең байтақ жер үшін шайқасып, ұрпағына мирас етіп қалдырды. Қашанда Отан үшін оққа кеудесін тосқан алдыңғы буынның ерлігін ұмытпау, бүгінгі мамыражай әрі бейбіт өмірді ұрпаққа аманат ету перзенттік парызымыз. Қазірде тәуелсіз еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда, көк аспан түстес байрағымыздың түбінде тұрып шекарамызды күзетіп жүрген айбынды әскерлеріміз жауынгер ұрпақтың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, Антына адал қызмет атқаруда. Бүгінгі мерейлі мерекеде бар өмірін Отанды қорғауға арнап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сарбаздарымыз бен сардарларымызға алғысымызды білдіремін – деп, бұл күннің тарихи маңыздылығын атап өтті.

Мерекелік шара одан әрі облыс әкімінің және аудан әкімінің майдан шебінде қаймықпай күрескен ардагерлерге, аудандық қорғаныс істер мен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне және аудандық полиция мен әскери бөлімінің мамандарын құттықтау рәсіміне жалғасты. Сондай-ақ мерейлі күнде бейбіт өмірдің батырлары мен бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінді.

Салтанатты кеш ауданның күміс көмей әнші, талантты өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Шара барысында майдангер бабаларымыздың Отан қорғау алдындағы ерен еңбектері кеңінен насихатталып, мереке жоғарғы деңгейде аталып өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<