Аралда тоғанда балық өсіру шаруашылығы жандануда

273

0

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Қазіргі таңда ауданда тоғанда балық өсіру шаруашылығын жандандыру қолға алынуда.

Аудан әкімі А.Оңғарбаев облыстық мәслихат төрағасы М.Тілеуімбетов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы С.Сермағамбетовпен бірге Аманөткел ауылдық округінде «Арал Рыбторг» ЖШС-нің тоғанға балық жіберу рәсіміне қатысты.

Тоғанға балық жіберу рәсімінде аудан әкімі: «Арал ауданы қай кезде де балығымен аты шыққан өлке. Біз қазіргі таңда тоған шаруашылығын қайта жандандыруды мақсат тұтып отырмыз. Азаматтарымыз еліміздің түкпір-түкпіріндегі тоған шаруашылығы дамыған аймақтардан тәжірибе алмасып, оны өз өңірімізде іске асыруда. Балық шаруашылығын дамытамын деген ел азаматтарына біз әрдайым демеу көрсетеміз. Бүгін міне солардың бірі «АралРыбторг» мекемесі Аманөткел елдімекенінде тоғанда балық өсіруді қолға алып жатыр. «Тұщы» көлі арқылы сазан тұқымдас балықтарды өсірмек. Алдағы уақытта өңіріміздегі балық шаруашылықтары мен балық өсіру питомниктері көлде, тоғанда балық өсіру жұмыстарын жүзеге асыруды көздеуде» -деп шаруашылық жұмысына сәттілік тіледі.

Серіктестік директоры Ш.Әбдуәлиев 2016 жылы Тұщыбас көлін иелікке алып, тауарлы көл шаруашылығына айналдырған. Ол биылдан бастап өңірімізде тоған шаруашылығын қайта жандандыру мақсатында уақытша 5,3 гектар аумақ жер алып, пайдалануда.

Бүгінгі шара барасында Қарағанды балық өсіру тоғаны ЖШС-нен 7 млн 700 дана тұқым әкелініп, суға жіберілді. Осы ретте, балықтардың бейімделуі, олардың қолайлы өсуі бағытында жұмыстар балық мектебімен келісім шарт негізінде бірлесіп жүргізілуде. Негізгі мақсат- өсірілген балықтарды «Тұщы» көліне жіберіп, тауарлы балық шығару және оны халықтың игілігіне жарату.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<