Аралда үш ауысымдық мектеп жоқ

4

0

«Келешек мектептері» – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған ұлттық жоба. Елдегі білім жүйесіне түбегейлі серпіліс әкелген бастама 2022 жылғы Жолдауда көтерілді. Негізгі мақсат – кез келген өңірдегі, кез келген әлеуметтік топтағы балаға сапалы білімді тең қолжетімді ету. Бұған қоса, үш ауысымды оқытуды жою, апатты мектептерді алмастыру, оқушыға орын тапшылығын болдырмау.

Бірыңғай стандарт негізінде салы­нып жатқан мұндай білім нысаны заманға сай IT-сыныптармен, зерт­ха­­­налармен, шығармашылық және спорт залдарымен, сондай-ақ инк­лю­­зив­ті білім беруге арналған ин­фра­­құ­­­ры­лыммен жабдықталған. Бі­лім маз­мұны да жа­ңарып, оқыту әдіс­­­те­ме­лері жаңғыр­ты­луда. Мұнда әр бала өз әлеуетін толық аша алады, яғни балада, ауылда да заманауи тех­ноло­гиямен, са­палы біліммен қамты­лып, тең дәре­жеде дамуға мүмкіндік бар.

Мемлекет басшысы ұсынған ұлт­тық жоба аясында 217 жаңа формат­тағы мектеп құрылысы (2024 жылы – 105, 2025 жылы 112 мектеп) жос­парланған. Бұл – 460 мыңнан астам оқу­шының болашағын айқындайтын оқу ордалары. Ең кереметі, «Келешек мек­тептердің» жартысына жуығы ауыл­дарда салынып жатыр.

Біз білетіндей, Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде бой көтерген №292 және №294 «Келешек мектептері» – шын мәнінде болашаққа салынған берік көпір. 300 орындық заманауи та­лапқа сай келетін сәулетті ғимарат­тар­дың іші өте кең, сыныптары жап-жа­рық. Жаңа мектептер зертханалық ка­бинеттерімен және жаңа техно­ло­гиялық жабдықтарымен де ерекше­ленеді.

– Бұл мектептерде әр бала өз ар­манын айқындап, білім көкжиегін ке­ңейтуге толық мүмкіндік алуда. Ең бастысы, осы игілікті жобаның нә­ти­жесінде ауданымыздағы үш ауы­сымдық оқу мәселесі түбегейлі шеші­мін тапты. Бұл – ата-аналарға қуаныш, ұстазға жеңілдік, шәкірттері­мізді са­палы білімге бастайтын даңғыл жол, – дейді Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова.

Басшының сөзінше, мұндай қуа­нышқа ауылдар да кенелген. Ұлттық жоба аясында салынған мектептерден бөлек, шалғай елді мекендерде жаңа білім ордалары бой көтерді. Айталық, ауданға қарасты Ақшатау ауылында көп жылдан бері ескі әрі тар ғимаратта оқып келген оқушылар су жаңа мектеп табалдырығын аттады. Құны 250 млн теңге болатын 60 оқушыға арналған мектеп демеушілердің қолдауымен са­лынған. Енді ақшатаулық балалар кең, жарық сыныптарда алаңсыз білім алып жүр.

– Тоқабай елді мекенінде де көп­тен күткен қуанышты сәт туды. Мұн­да 100 орындық жаңа №248 орта мек­­тебі пайдалануға берілді. Жаңа ны­сан тек сәулетімен ғана емес, толық қамтылған материалдық-техникалық базасымен де ерекшеленеді. Балаларға керек құ­рал-жабдықтың барлығы жеткі­лікті. Мек­­теп ауылда білім берудің қала­да­ғы оқыту сапасымен бірдей болуына мүм­кіндік беріп отыр.  Одан бөлек, ғасырдан астам тарихы бар №14 мек­тептің бастауыш сыныптары орна­лас­қан ғимараты да күрделі жөндеуден өтті, – дейді Санира Нұрқожақызы.

Аралдағы білім саласындағы құры­лыс өз жемісін беруде. Бұған дейін №№62, 19, 262, 263 және 177 мектептер ағымдағы жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енген. Үнемделген қаржыны тиімді пайдаланудың арқа­сында олардың шатыры жаңартылып, қабырғалары әрленген, тере­зелері ауыс­тырылыпты. Жарық сы­нып, жы­лы дәліз бен қауіпсіз орта аралдық оқу­шы­ларға жасалған үлкен қам­қор­лықтың көрінісіндей.

– Мұндай жұмыстар тоқтап қал­майды. Жақында шалғайдағы Мер­генсай ауылында 100 орындық жаңа мектебін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл аудандағы білім беру жүйесінің тұрақты дамуы­ның жалғасып келе жатқанын айқын аңғартады. Жаңа мектептер – жаңа мүмкіндіктер мекені. Осындай білім ордаларынан түлеп ұшқан шәкірттер ертең ел тізгінін ұстайтын, ұлт үмітін арқалайтын азамат болып қалыптасары сөзсіз, – деп сөзін қорытты бөлім бас­шысы.

Білім – ел болашағының мәңгілік шамы. Биыл Аралдан бөлек, жалпы Сыр өңірінде көптеген білім ордалары ел игілігіне берілді. Бұл – тек жаңа ғи­мараттардың ашылуы ғана емес, мың­даған баланың үмітін оятқан, ертеңге деген сенімді күшейткен тарихи қадам.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Арал ауданы