Ақтөбе облысының аумағында қатты боран болуына байланысты кешеден бері республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырымы аралығы жабылған.
Яғни, Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды. Осыған орай Арал қаласынан 20 шақырым қашықтықта жол патрульдік полицияның 6 инспекторы 3 автокөлікпен «Самара-Шымкент» автомобиль жол бойын жауып жұмыс істеуде, деп хабарлады Kyzylorda-news.kz..
Бүгінгі күні Ақтөбе облысына бағыт алған барлығы 807 автокөлік (584 жүк көлігі, 13 жолаушылар көлігі, 210 жеңіл көлік) және 1000-ға жолаушы тұрақталуда. Қазіргі таңда, жолдың жабық болуына байланысты аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылған. Жергілікті ерікті жастар, мекемелер және кәсіпкерлердің, білім саласы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, әйелдер мен балалар аудан орталығындағы Арал индустриалды-техникалық колледжінің жатақханасына орналастырылды.
Сонымен қатар,екі мезгіл медицина қызметкерлері жолаушыларды аралап денсаулығына байланысты зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Жолаушыларға арналған қызмет көрсету кешендеріндегі азық-түлік пен тамақ бағасы жергілікті әкімдіктің ұдайы бақылауында.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<