Аралдық кәсіпкер жартылай дайын өнім өндірісін өркендетуде

915

0

Фото: Байқоңыр ӘКК

Соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында нәзік жандылардың үлесі артып келеді. Әсіресе, шағын және орта бизнес саласындағы қаншама қыз-келіншектер жоғары жетістікке жетіп жүр. Оған мемлекет тарапынан қабылданған түрлі қолдау бағдарламалардың көбейіп, адамдарды кәсіпке баулу мен нәтижелі еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстың жолға қойылуы да әсер етуде.

Бүгінгі біздің «Ауыл аманаты» айдарындағы кейіпкеріміз де мемлекеттің қолдауының арқасында өз кәсібін жандандырып отыр. Арал қаласының тұрғыны Кушжанова Жұлдыз өткен жылы «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, жартылай дайын өнімдерді өндіретін «Адал ас» шағын цехын ашқан болатын.

Бұл бизнесін бастағанына көп болмаса да цехтан шығарылатын Жұлдыздың өнімдеріне сұраныс бірден арта түскен. Қазір Аралдағы қай дүкенге бара қалсаңыз сөрелерінде Жұлдыздың жартылай дайын тамақтары тізіліп тұрады. Нәзік жанды кәсіпкеріміздің айтуынша, жұмыс басты отбасылар, сондай-ақ, студенттерге бұл таптырмайтын мүмкіндік. Тек қана дайын дүниені үйге барып, пісіре саласың. Сондықтан да бұл өнімдерге сұраныс жоғары дейді.

«Адал ас» шағын цехында түшпара, манты самса, жайма және басқа да 15 түрлі өнімдер дайындалады. Өндіріс орнында бүгінде 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кету керек, кәсіпорын өндіретін өнімдер қазіргі таңда Арал қаласындағы барлық дүкендер арқылы тұрғындарға төменгі бағада сатылуда.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<