Аралдықтар таза ауызсу тұтынады

11

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берілді.

Осы ретте Арал ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұ­мыс жүргізілуде. Құрылыс саласында, халықты сапалы ауызсумен қамтуда айтарлықтай жетістік бар. Кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан түрлі жобалар биыл да жалғасын тапты. Қарқын алған істің қатарында шалғайда орналасқан елді мекендерге таза ауызсу қосу бар. Бұл туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуанар Әбекенов айтып берді.

– Алыс жатқан ауылдарға да ауызсу тартылып, ел игілігін көруде. Сондай-ақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кә­сіпорнының «Сыр суы» фи­лиалына қарасты «Арал – Са­ры­бұлақ топтық су құбыры» өн­дірістік бөлімшесі арқылы 43 насос стансасы, 28 су ұңғы­масы, жалпы ұзындығы 1577,3 шақырым су құбыры желілері жұмыс істейді. Оның 739,7 шақырымы – магистральдық су құбырлары, ал 837,692 шақы­рымы – ішкі су тарату желілері, – дейді ол.

Магистральдық су құбыр­лары бойынша 1590, ал ішкі та­рату желілері бойынша 4405 бақылау құдығы бар. Бұл жүйе арқылы Арал ауданының 43, (оның ішінде Арал қаласы да бар) және Қазалы ауданының 22 елді мекені қамтылып, жалпы 165 мыңға жуық тұрғын та­за ауызсуды пайдалануда.

Аралдықтар таза ауызсу тұтынады

Жа­ғымды жаңалықтың бі­рі – Ақ­басты таза ауызсуға қо­сыл­­ды.  Су ресурстары және ир­рига­ция министр­лігінің Су ша­руа­­шылығы комитеті 2,1 млрд теңге және мемлекетке қай­та­рылған активтер есебінен 524 млн теңге бөліп, аталған елді мекенге 117 шақырым ма­гистральді және 5,2 шақырым ішкі ауызсу желісі жүргізілді. Осылайша ауылға таза ауызсу жетіп, халықтың  қуанышы еселенді. Бұған дейін тұрғындар ауызсуды  жерасты құдығынан тасымалдап, тұтынып келді. Ен­ді қиыншылық артта қалып, ауызсу әрбір тұрғын үйге жет­кізілді.

Ауданнын 94 шақырым қа­шықта орналасқан Тас­тү­бек ел­ді мекеніне де 30 шақырым су желісі тартылып, су айдау стансасының құрылысы  толы­ғымен аяқталды. Қазіргі таңда ауылға ауызсу беріліп, нысан қабылданған.

Бұдан бөлек, 87 шақырым шалғайдағы Ерімбетжаға ел­ді мекеніне 27,3 шақырым су желісі тартылып, су айдау стан­­сасының құрылысы толы­ғымен аяқталды. Қазіргі таңда елді мекенге ауызсу беріліп, тұрғындар дән риза.

Сондай-ақ Абай және То­қа­бай елді мекендерін орта­лық­­тандырылған ауызсу жүйе­сіне қосу жұмысы да белсенді жүргізілуде. Оған 8,2 млрд теңге, мемлекетке қайта­рылған активтер есебінен 3,6 млрд тең­ге қаржы бөлінді.  То­қабай ауылына да ауызсу толық беріл­ді. Абай елді меке­ніне 32,9 ша­қы­рым ауызсу желісі тарты­лып, су айдау насос станса­сы­ның құ­­ры­лысы аяқталуға жа­қын.

Бөлім басшысының міндетін атқарушы Қуанар Әбекеновтің айтуынша, жоғарыда аталған жобалар толық іске асырылып, құрылыс-монтаждау жұмысы мерзімінде аяқталғанда, ауданда барлық елді мекен 100 пайыз орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылады.  Себебі бұл бағытта жүйелі жұмыс, бе­ре­келі іс бар.

Бұл Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған стра­тегиялық міндеттерінің бірі ретінде белгіленген тапсыр­ма­сының Арал ауданы көлемінде толық орындалуына мүмкіндік береді.  Алдағы уақытта да ау­дан халқының тұрмыс сапа­сын арттыру бағытындағы жұ­мыстар жалғасын таба бермек.

Жалпы ауызсудың тартылуы әрбір отбасының тұрмысына, өмір сапасына оң әсер ететіні сөзсіз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»