Jas Alash редакциясына «Аралтұз» акционерлік қоғамының жұмысшылары зауыт директорының тұзға дәрет сындырып тұрған видеосын жіберді.
Жұмысшылардың айтуынша, басшының өзі осындай болған кәсіпорында тазалық талаптары сақталмайды. Қызметкерлердің айлығы аз, арнайы киім де берілмейді. Соның салдарынан жұмысшылар сырттағы әжетханаға барып келген аяқкиімімен цехта жұмыс істеп жүре береді. Біз бірнеше зауыт жұмысшыларына хабарласып, оқиғаның қалай болғанын, зауыттың қазіргі жағдайын анықтап көрдік.
Бізге жеткен видео алыстан түсірілген. Бір адамның тау-тау болып үйіліп тұрған тұздың жанына келіп тоқтап, біраздан соң қайта кетеді. Адамның бет-жүзі көрінбейді. Бірақ оның дәрет сындырғандай тоқтап, біраздан соң ышқырын көтеріп, ауын жапқандай әрекет жасағанын байқауға болады. Кәсіпорын жұмысшылары мұның зауыт директоры екенін, тіпті бұл жағдай бірінші рет болып тұрмағанын айтады.
«Аралтұз» директоры тұзға дәрет сындыруды әдетке айналдырған
«Аралтұз» АҚ-ның күзетшісі Мейрамбек Баубековтің айтуынша, зауыт директоры бірінші рет тұзға дәрет сындырып тұрған жоқ. Бірнеше рет жағдай қайталанған, оған тұзға дәрет сындыруға болмайды деп ескертілген де екен. Бірақ зауыт басшысы қол астындағы қызметкерлерінің сөзін құлағына да қыстырмаған. Ал мына видео таралып кететін кезде «не үшін тұзға дәрет сындырасыз?» деп директордан сұрағанда, ол қысылмай «осындай боп қалды» деп қана жауап берген көрінеді. Тіпті зауыт басшысы қазір күзетшілерді видео таралуына байланысты қудалап жатыр екен.
«Оған болмайды, жақын жерде әжетхана бар ғой» деген сияқты жұмсартып айттық. Бастық қой. Қатты айта да алмаймыз. Әйтпесе, шамамен 50 метр жерде әжетхана бар. Соған бармайды. Тұз деген ас қой, асқа дәрет сындырғанды қалай түсіндіресіз. Енді соны айтқан едім. Мені қудалап жатыр. Негізі мен күзеттің ауысым бастығымын. Бекеттегілерге тиіседі. Күзеттегі жігіттерге ескертіп, бірдеңелерді айта береді. Қысқасын айтқанда, бізден ілік іздеп жатыр. Күзет бекетіне адам кіруге болмайды. Қараңғыда барып бөлмені түсіріп алып, «ішіне адам кіріп кетті» деп айтады. Бізде де аз-маз кемшілік бар ғой. Кей жігіттер байқамай ішке адам кіргізеді. Сондай кезде белгіленген айыппұлдарды бізге салғысы келеді. Бұл бір жағдай емес, жұмыста күнде айғай-шу, «жұмыстан өз еркіңмен кет» дейді, мен «кетпеймін деймін». Осылай қысым жасалып жатыр», – дейді Мейрамбек Баубеков.
Мейрамбек бұрын ішкі істер саласында жұмыс істеген. «Заңды білемін, сауатым болғаннан кейін ғана жүрген шығармын, менің орнымда басқа біреу болғанда баяғыда жұмыстан шығарып жіберетін еді. Қазір маған қатысы жоқ заңбұзушылықтарды да менің ауысымымдағы күзетшілерге аударғысы келеді, күні, айы жоқ фотоларды жібереді», – дейді күзетші.
Зауытта тазалық сақталмайды
Зауыт жұмысшылары бізге ашық түрде сұхбат беруге келіскен еді. Бірақ кейіннен «жұмыста осы видеоға қатысты қысым қатты болып жатыр» деп сұхбат беруден бас тартты. Тек бір ғана жұмысшы аты-жөні айтылмаса ғана зауыттың қазіргі жағдайын айтып беруге келісті. Сондықтан біз жұмысшының аты-жөнін ашық-түрде жария етпей, тек оның айтқан мәліметтерін ғана бердік. Сонымен, атын атамауды өтінген зауыт жұмысшысының айтуынша, Серік Қабдыкешов зауытқа басшылыққа келгелі бері мәселе көбейіп кеткен. Кейбір қызметкерлер жұмысынан шығарылған. Қазір кәсіпорында автократия үстем құрған көрінеді. Қит етіп, бас көтерген қызметкер бірден жұмысынан айырылатынға ұқсайды.
«Көп адам біздегі проблеманы айтқысы келеді. Бірақ сөйлегендер бірден жұмысынан айырылады. Қазір білесіз, заман қиын, бәріміздің басымызда бірнешеден несие бар, бала-шағаны асырау керек. Сондықтан көбі бар жұмысынан айырылғысы келмейді. Президент Алматыда, бас кеңсе де сонда. Бірақ жанайқайымыз оларға жетпейді. Жұмысшылардың жағдайы мәз емес. «Тапсырыс азайды» деп осыдан төрт-бес ай бұрын қысқарту болатынын айтты. Сондықтан бәрі қазір бірнәрсе айтпақ түгілі, жұмыстан қысқартылып кетеміз бе деп қорқып жүр. Тазалыққа қатысты да мәселеміз бар. Біздің ұранымыз – «Сапалы өнім беру!». Бірақ тазалықтың сақталмайтыны өтірік емес. Мысалы, әжетханаға барған қызметкерлер сол аяқкиімімен келіп жұмыс істей береді. Бізде тамаққа қосылатын тұз өндіріліп жатыр емес пе? Бұл жерде тазалық бірінші орында болуы керек», – дейді ол.
Зауыт жұмысшысының бұл сөзін күзет бастығы Мейрамбек те дұрыс дейді. Оның айтуынша, әжетханаға барып келген аяқкиімімен цех қызметкерлері жұмыс істей береді екен. Ол зауытта тазалық аса қатты сақтала бермейтінін айтады.
«Негізі зауыт жұмысшыларына арнайы киім берілуі керек. Бірақ ол бізде жоқ. Жұмысшылар үйінен келген аяқкиімімен жұмыс істеп жүре береді. Тіпті сырттағы әжетханаға да сонымен барады. Зауыт ішінде гигиеналық талаптар қарастырылмаған. Қызметкерлер сыртқа шығу үшін басқа киім кию керек, іште басқа киіммен жүру керек. Сырттағы әжетханада да тазалық сақталады деп айта алмаймын», – дейді күзетші.
Тұз өндіру денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді. Себебі тұз шаңы өкпеге оңай кіріп, тыныс алу жолдарының проблемалары – созылмалы өкпе ауруларының өршуіне әкеледі. Зауыт жұмысшылары мұны біледі. «Аралтұздағы» жұмысшылар өздері «ақ шаң» деп атап кеткен, тұз шаңының астында жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтады. Бұдан бөлек, «Аралтұз» АҚ басшылары зауыттағы 1200 жұмысшыға сүт береміз деп есеп береді екен де, іс жүзінде 80 адамға ғана сүт беріледі екен. Ал бастықтардың кеңсесі басқа жерде, зауыттан 500 метрдей алыста көрінеді. Жұмысшылардан сұрап білгеніміз, жұмысшыларға денсаулығына қатысты 13-айлық беріледі. Бірақ қазір денсаулығына байланысты және қараша-желтоқсанда еңбек демалысына шыққандарға 13-айлық берілмейді деп айтылып жатыр екен.
«Бұл ауыр жұмыс қой. Күні бойы тұздың шаңын жұтып жүресің. Оқыған-тоқыған адам мұндай кәсіпке бармайды. Адамдар жұмысқа мұқтаж болғасын осындай жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал қараша-желтоқсанда еңбек демалысына шыққандарға 13-айлық берілмейді деп еңбек шартында жазылмаған», – дейді зауыт жұмысшысы.
Мейрамбек те зауыт жұмысшыларының барлығына айран-сүттің берілмейтінін растады. Зауыт ішіндегі белгілі бір ғана топқа құрғақ сүт таратылады екен.
Жұмысшылардың сөзін қалалық санитарлық басқарма жоққа шығармайды
Jas Alash «Аралтұзда» тазалық қаншалықты сақталатынын білу мақсатында Арал қаласы санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысы Арзия Сәдекееваға хабарласты. Басқарма басшысының айтуынша, бұл мәселе бар, басқарма бұдан хабардар. Тіпті айыппұл да салынған.
«Біз ұйғарым бойынша бұған дейін «Аралтұз» АҚ-ның екі бөлімінің басшысына айыппұл салдық. Ұйғарымның орындалуын қадағалаймыз. Кейіннен қайтадан тексереміз. Егер киім жөнінде айтатын болсам, біздің мамандар барып тексергенде зауыт жұмысшыларының арнайы киімі болады. Бәлкім, біздің көзімізше киім кигізіп қойған шығар. Ол жағын нақты білмеймін. Бұл талабымыз орындалды. Орындалмаған пункттер бойынша әкімшілік сотқа бердік. Сол бойынша олар 1 млн 300 мың теңгедей айыппұл төледі. Енді алдағы уақытта тағы арыз түссе, тағы да тексереміз. Егер тазалық талаптары орындалмай жатса, тағы айыппұл саламыз. Біз мұны жақсы білеміз, жылдағы бас ауруымыз. Жылда талап қоямыз, жылда орындалмайды. Әкімшілік сотқа беріп, айыппұл төлеттіреміз. Экономикалық сотқа беруге де болады, бірақ әкімшілік сотқа беруіміздегі себеп – өндірістің тоқтамауын ойлаймыз. Ол жерде де қаншама адам жұмыс істеп отыр», – дейді қаланың санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысы.
Jas Alash зауыт басшысы Серік Қадыкешовтен жұмысшылардың «дәрет сындырып тұр» деп жіберген видеосы туралы сұрады. Ол видеода өзінің дәрет сындырып тұрмағанын, белдігі үзіліп кетіп, сол жерде амалсыз тоқтағанын айтты.
«Мен ол жерде кіші дәрет сындырған жоқпын. Біреу артымнан түсіріп, таратып жіберген. Кім түсіргенін білмеймін. Бірақ «дәрет сындырды» дегендері жалған» деп қысқа ғана қайырды. Бұдан кейін зауыт жұмысшыларының жағдайы, тазалық туралы қайта сұрап хабарласқанымызда зауыт басшысы телефон тұтқасын көтермеді. Жазып жіберген хатымызға да жауап бермеді.
«Аралтұз» АҚ қандай компания?
Аралдағы тұз өндірудің тарихы ресми түрде 1925 жылдан басталады. Сол кезде «Соль Артел» мекемесі құрылып, жұмысын бастаған. Ал өткен ғасырдың 60 жылдары йодталған тұз шығаруды қолға алған. Кейіннен кәсіпорынның атауы «Арал соль» болып өзгерген. «Арал соль» 1994 жылы «Аралтұз» акционерлік қоғамы болып қайта құрылған. 2012 жылы Абылай Ғабжалилов пен Дәурен Мұқашев бірігіп «Аралтұз» АҚ-ны сатып алған. Қазір АҚ өндірістің 75 пайызын Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан сияқты елдерге экспорттайды. Өндіріс көлемін кәсіпорын жылына 800 мың тонна деп көрсеткен.
«Аралтұз» акционерлік қоғамы алғаш рет 1994 жылы, 7 қаңтарда тіркеуден өткен. Директоры – Нұрлан Айтқазин. Құрылтай мүшесі Salt Industry Ltd жеке компаниясы. Ал Salt Industry Ltd жеке компаниясының директоры – Дәурен Мұқашев. Құрылтай мүшелері – AIG Holdings Ltd және Yasai Ltd компаниялары. AIG Holdings Ltd компаниясының иесі – Иоанна Пономаренко болса, Yasai Ltd компаниясының иесі – Дәурен Мұқашев. «Аралтұздың «АралПолимер», ARAL HOTEL, «АралРесурс» дейтін компанияларға қатысы бар. Кәсіпорынның былтырғы қаржы айналымы 87 млрд теңгеге жуық, төлеген салығы 1,6 млрд теңгеден асады. 2016 жылдан бері мемлекет қазынасына 9,5 млрд теңгеден астам қаржы құйған. 2016 жылдан бері мемлекеттен 53 келісімшарт алған.
P.S. «Аралтұз» жұмысшыларының наразылық білдіріп тұрғаны алғашқы жағдай емес. 2021 жылы да «осы зауыттың отымен кіріп, күлімен шығамыз» деген мыңнан аса жұмысшысы жалақыны көтеруді сұрап, наразылыққа шыққан еді. Сол кезде зауыт жұмысшыларының жалақысы орташа 48 мың теңге, экологиялық жарнаны қосқанда 80 мың алатыны айтылды. Кейіннен өндіріс басшылары 22 пайыздан астам жалақы қосып берді. Кейіннен наразылық кезінде көзге түскен жұмысшыларды кәсіпорын жұмыстан шығарып жатқаны туралы БАҚ-та жазылды. Демек, бұл видеоға қатысты да зауыт жұмысшылары жұмыстан шығып жатса, таңғалмауымыз керек.
Тұрсынбек БАШАР
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<