Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін Жалпыұлттық телекөпірде облыстағы бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылады. Бұл туралы облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
– 2018 жылы 5 жобаны іске қосу жоспарда бар. Олар – үшокись молибден өндірісі, жылыжай кешені, көкөніс қоймасы, шыны зауыты, цемент зауыты. Биыл облысқа инвестиция мен жаңа технологиялар тарту мақсатында 2 елге іс-сапарға шықтық. Облыс әкімі бастаған делегацияның Татарстан Республикасына сапары аясында Иннополис қаласымен инновациялық жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды. Ал, Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында делегация мүшелері Бейжің, Шэньжэнь және Шанхай қалаларында болып, бірқатар ірі кәсіпорын жұмысымен танысты, – деді Р.Сұлтангереев.
Ал, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжановтың айтуынша, статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыста 2018 жылдың 1 наурызында тіркелген шағын және орта бизнес құрылымының саны 50530 бірлікті құраған.
Облысымызда кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылатын іс-шаралардың күнтізбелік жоспары әзірленді. Күнтізбелік жоспарға сәйкес биыл конкурстар, көрмелер, малшылар слеті және балықшылар слеті сияқты шаралар өткізілмек. Сондай-ақ, әйелдер және жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін «Іскер әйел – кәсіпкерлер форумы», «Жас кәсіпкерлер облыстық форумы», «Облыстың өндіріс орындарында студенттер мен оқушылар үшін танымдық экскурсиялар» өткізу қарастырылған. Кәсіпкерлер саласын цифрландыру аясында «ОРЕN KASIPKER» құрылып, ІІІ Халықаралық интернет форумы өткізілетін болады. Ал, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер үшін «Өзіңе сене баста!» конкурсы өткізілмек, – деді А.Досжанов.
Айта кету керек, биыл облыс орталығында заманауи форматтағы «ArayCityMall» сауда ойын-сауық орталығын іске қосу жоспарланған. Сауда орталығының жалпы ауданы 31462 шаршы метрді, инвестиция көлемі 4,3 млрд теңгені құрайды. Сауда орталығында 416 орынды паркинг қарастырылған. Орталық іске қосылғаннан кейін 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін болады.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<