Ардагерлер кеңесі алдағы жоспарын бекітті

4

0

Облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, салалық ардагерлер кеңестерінің тұрақты және тексеру комиссияларының төрағалары, ардагерлер қозғалысының белсенділері, ZOOM байланысы арқылы Байқоңыр қалалық және аудандық ардагерлер ұйымдарының алқа мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібі бойынша «Жаңа Конс­титуция – тұрақты дамудың не­гізі» тақырыбы талқыланып, об­лыс­­тық ардагерлер кеңесінің өт­кен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері, осы жылға ар­нал­ған жұмыс жоспары, тағы басқа мәселелер қаралды. Мәжілісті облыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев жүргізіп отырды.

Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары ардагерлерді қолдау бағытында облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Қаладағы қарттар үйі жанын­дағы мүге­дектерге әлеуметтік қыз­­мет көрсету орталығында 50 орын­­дық бөлімшеде, Талсуат елді ме­ке­нінде 150 орындық қарттар мен мү­ге­дектігі бар адамдарға арнал­ған оңалту орталығында тиісті әлеу­­меттік қызметтер көрсетілуде. Со­нымен қатар, қызмет көрсететін меке­мелердің материалдық базасын жыл сайын нығайту және қызмет алушыларға қолайлы моральдық-психологиялық жағдай жасай оты­рып, сауықтыру және әлеуметтік оңалту іс-шаралары қолға алынған.

Облыс орталығында бірнеше жыл­дан бері «Сыр мейірімі» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, кө­мекке мұқтаж 225 жалғызбасты қарт пен мүгедек, аз қамтылған отба­сы­лар түскі аспен қамтылған. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен жекелеген санаттағы әлеуметтік қол­дауды қажет ететін 13646 адамға әлеу­меттік төлемдер төленіп, қолдау көрсетілді.

Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен, Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының қатысу­шыларына 1,5 млн теңгеден бірреттік төлем берілді. Бұдан бөлек, 2024 жылы демеушілер есебінен 130-дан астам ардагерге демалыс орындарына баруына қолдау көрсетілген болатын, – деді Д.Жаналинов.

Ардагерлер ұйымы – еліміздегі үлкен саяси күштердің бірі. Бүгінде оның құрамында әр салада қызмет еткен 2,5 млн-нан астам зейнеткер бар. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы аға буын өкілдері әрдайым Президент бастамаларына қолдау білдіріп, халықтың бірлігін сақтап, қоғамның тұтастығын қалыптастыруға игі ықпал етіп отырғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы «Ардагерлер ұйымы – Үкімет пен халықтың арасын байла­ныстыратын звенолардың бірі» деген болатын. Осы ретте, қарапайым халық пен билік арасында алтын көпір болып, түйткілді проблемаларды шешуде зор үлес қосып отырған ардагерлер кеңесінің азаматтық қоғам секторында алатын орны ерекше екенін айтып өткеніміз жөн.

Биылғы жылдың басты жаңалығы, санаулы күндерден кейін елімізде мемле­кетіміздің жаңа Коституциясын қабылдау жөнінде референдум өтеді.

Алдын ала халықтың талқысына ұсынылған Ата Заңымызда «Ұлы Дала», «Әділетті Қазақстан» және «Құқықтық тәртіп» ұғымдары негізгі қағидаттарды анық­тайды. Қоғамның бүгінгі талабына сай жаңа Конституцияны қабылдау елдің болашағына тікелей әсер етеді және мемлекеттің саяси дамуындағы маңызды кезең болады деп сенеміз.

Саяси маңызы зор,  жалпыхалықтық жауапкершілігі жоғары іс-шараға  аймақ ардагерлері ұйымшылдықпен атсалысады, – деді С.Дүйсенбаев.

Алқада «Жаңа Конституция – тұрақ­ты дамудың негізі» тақырыбында облыс­тық ардагерлер кеңесінің алқа мү­шесі Бақыт Нұртазаев баяндама жаса­ды. Тал­­қыланған басты тақырыпқа бай­ла­нысты ауыл шаруашылығы саласы арда­гер­лері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлық­­панұлы, облыстық  ардагерлер кеңе­­­сінің пленум мүшесі  Бекмырза Ел­аман­ов, облыстық ішкі істер саласы ар­да­­герлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шай­мағамбетов пікірлерін айтып, жаңа Консти­туцияда адам құқығы мен бос­тандығы, «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген ережелер ел болашағына кепіл болатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, өз салалары бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралай келіп, күрмеулі мәселелерді де ортаға салды.

«Облыстық ардагерлер кеңесінің 2025 жылы атқарған жұмыстары  мен ал­дағы міндеттері» бойынша баяндама жасаған облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Жұмабек Әлиев аймақ ардагерлерінің қатысуымен жыл бойы атқарылған қоғамдық бастамалар, мәдени-көпшілік жұмыстарды назарға ұсынды.

– Өздеріңіз білесіздер, облыстық арда­герлер кеңесі аймақта саяси тұ­рақ­тылықты сақтауды, қарттардың әлеу­меттік құқықтары мен мүдделерін қор­­ғауды, жағдайы төмен қариялардың әлеу­­меттік-тұрмыс тіршілігіне қол ұшын беру­ді, денсаулығы нашар кісілерге барып хал-ақуалын білуді парыз санап келеді. Бұ­рыннан қалыптасқан жұмыс бағытынан таймай, жасампаз тірлікке ұйытқы болып, жақсы істерге куә, іргелі жобаларға қолдау көрсетуде.

Бүгінде облыс бойынша 85 мыңнан аса зейнеткеріміз бар. Оның  68 017-сі нақты тіркелген. Олар 2 қалалық және 7 аудандық ардагерлер ұйымына бірік­тірілген 773 бастауыш ардагерлер ұйы­мын­да есепте тұр. Оның ішінде, көмек­ке зәру қарттарымыздың өмір сүру дең­­гейін көтеру мақсатында облыс бо­йын­ша 151 ардагер анықталып, оларға  тұр­ғын үйін жөндеу, қаржылай көмек көрсету, азық-түлік тарату сияқты, басқа да  әлеуметтік көмектер бе­рілуде. Бұл игілікті істер жергілікті кәсіп­керлер мен шаруашылықтардың қол­дауы­мен жүзеге асырылуда.

Ұрпақ тәрбиелеу ісінде аналар мен әжелер институтының қоғамдағы мәрте­бесін арттыру мақсатында ұйымдас­тырылған «Аялы әже» форумы көп­ші­ліктің жоғары бағасына ие болды. Аталған форумға өзге өңірлерден ардагерлер кеңесінің төрағалары арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сыр өңірі әжелерінің ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі тағылымды тәжірибесі, өнегелі істері насихатталды.

Тағы бір игілікті іс, ардагерлеріміз жаңарған Түркістан шаһарына саяхаттап, Ұлы ақын Абай еліне, Жидебай жеріне зиярат етіп, барып қайтты. Осы орайда қолдау көрсеткен облыс әкіміне, облыс­тық ардагерлер кеңесіне алғыс біл­дірді. Сондай-ақ қараша айында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тіке­лей қолдауының арқасында біздің аймақ­та еліміздегі барлық ардагерлер ұйым­ы­ның басқосуы, республикалық семи­нар кеңесі жоғары дәрежеде өткеніне ерек­ше тоқталғым келеді, – деді Жұмабек Әлиев.

Баяндама төңірегінде облыстық  ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері Әбдімәулен Тоқтыбаев, Дәулетбай  Бар­ғанаев, Әжелер алқасының төрайымы Рәзия Қалжанова,  Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет сөз сөйледі.  Сондай-ақ облыстық ардагерлер  кеңесінің тұрақты комиссия төрағалары мен мү­шелерін бекіту жайында  облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Мақсұт Баекеев баяндама жасады.

Алқа мәжілісінің қорытындысымен тиісті қаулы жобалары қабылданды. Соны­мен қатар, бірқатар ардагерге мерейтойына орай марапаттар табысталып, сый-құрмет көрсетілді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»