АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАДЫ

225

0

Биылғы Тәуелсіздік күні кезінде халқына қалтқысыз қызмет етіп, еселеп атқарған ерен еңбектерімен қалың жұртының ризашылығына бөленген қариялар мен тағдырдан теперіш көріп, тән мен жан дертінің тауқыметін тартқан қамкөңіл азаматтарға шын пейілден ықылас танытып, қошемет білдіру рәсімдері де назардан қағыс қалмады. 
Ұлттық мейрамда осындай мерейлі мақсатты көздеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, орынбасары Күләй Ермағамбетова бастаған шағын топ Қызылорда қаласының тұрғындары Серік Бәкішов пен Амангелді Әбзалиевтің отбасыларына арнайы ат басын бұрып, ұлтымыздың ұлық мерекесімен қызу құттықтап, жылы лебіздер жазылған Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады. Олардың алғашқысы заң, сот органдарында қарымды қызметімен танылған, екіншісі қала басшысы болған, өңірімізді мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету жолында жемісті жұмыс жасаған ардагерлер бұл шарапаттан шуақты шапағат алып, дерттеріне дауа тапқандай болды.
Сондай-ақ облыстық ішкі істер департаменті жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Серікбол Тұңғышбаевтың жанашарлықпен Тасбөгет кентінде ұйымдастырылған қамқорлық шарасының аясында ішкі істер органдарының ардагерлері полицияның отставкадағы полковниктері 84 жастағы Төлеш Әлиев және Арыстан Ашировтың жанұяларында болып, қарттарды мерекелерімен құттықтап, атаулы құрмет көрсетілді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Тәуелсіздік күні қарсаңында өмірлік дамуымыздың алғы сапында жүрген еңбек майталмандарына, оның ішінде арбаға таңылған мүгедек адамдарға да ерекше ілтипат жасап, тіпті Еңбек ері деген атақ беріп марапаттағаны баршамыз үшін де өрнекті өнеге. Біз қоғамымыздың алтын қоры болып табылатын азаматтарымызға, әсіресе, заманында елі үшін жан аямай қызмет қылып, қазірде жастардың ақылшысы болып отырған ақсақалдарымыз бен тіршіліктен теперіш көрген кемтар кісілерге қамқорлығымызды ұдайы жалғастыра беретін боламыз, – дейді аймағымыздағы қариялардың бас жетекшісі С.Дүйсенбаев.

Қуаныш Мәдібекұлы,
Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<