Күн санап кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатары артуда. Бірі мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып тың идеясымен жаңа кәсіп бастаса, енді бірі дөңгелетіп отырған кәсібін одан әрі ұлғайтып, көкжиегін кеңейтуде.
Биыл Жалағаш ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша есепті кезеңге жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2949-ға жетіп, оның 95,4 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Соңғы 6 айда Жалағаш ауданында кәсіпкерлік саласына қаржы институттары арқылы 52 жоба қаржыландырылды. Қолдау шараларының негізінде 54 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов хабарлады.
– Бұдан бөлек, ауданда жеке кәсіпкер Еркебұлан Каиповтың «Ботақан» балалар ойын – сауық және сауда орталығы іске қосылды. Жеке кәсіпкер Ғазиз Исахановтың 140 орындық «Жас қыран» бөбекжай бала-бақшасы пайдалануға берілді.
Биыл кент, ауылдық округтер арқылы «Ауыл аманаты» жобасына 49 жоба дайындалды. Тамыз айынан бастап қаржыландыру жоспарлануда. Өңірде өндірістік жобаларға да басымдық беріліп келеді. Бірыңғай жалпыұлттық жобалар пулы аясында жеке кәсіпкер Д.Ержановтың жеке қаражаты есебінен «Күріш ақтау және жем өндіру» зауытын жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында жалпы 2 жоба іске асырылады. Біріншісі «Таң ЛТД» ЖШС-нің «Өндірістік база» цехының құрылысы. Цех мақсарыдан май, жүгеріден ұн және күріштен лапша өнімдерін шығаруды жоспарлауда. Жоба ағымдағы жылы толықтай іске қосылып, жаңадан 22 жұмыс орны құрылады.мЕкіншісі жеке кәсіпкер Халық Серіктің жеке қаражаты есебінен «AKNIET» құрылыс қоспаларын шығару цехы ағымдағы жылы іске қосылады. Цех құрылысқа қажетті 6 түрлі өнім шығаруды жоспарлауда. Жаңадан 6 жұмыс орны ашылады, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<