Аристондар қаласы: Қызылорда қашан ыстық сумен қамтамасыз етіледі

464

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қызылорда – көп қабатты үйлерінде ыстық су жоқ жалғыз облыс орталығы. Қала тұрғындары 30 жылдан бері суды ысытып қолданып келеді. Бір кездері шыққан су жылытқыштар, жалпақ тілмен «аристондарды» жаппай орнатып алды. Бұл қызылордалықтар үшін мәселенің шешімі болғандай еді. Алайда, оның да электр қуатына тәуелділігі мен көлемінің шектеулілігі бар. Жылдар бойы созылып келе жатқан түйткілді мәселенің түйіні қашан шешіледі? Kazinform тілшісі осы сауалға жауап іздеп көрген еді. 

Қолданыстағы заңдылықтарға өзгертулер енгізілуі керек

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, Қызылорда қаласында көп қабатты 781 тұрғын үй бар. Соның тек алтауы ғана ыстық су құбырына қосылған. Сондай-ақ, 2005 жылдан бері салынған 187 тұрғын үйге ыстық су беруге мүмкіндік бар. Бұл тұрғын үйлерде автономды жылу қазандықтары орнатылған.

«Тұрғын үйлердің қалған бөлігі тоқсаныншы жылдарға дейін пайдалануға берілген. Әзірге олардың барлығын ыстық сумен қамту мүмкін болмай отыр. Қазір бұл бағытта облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тарапынан тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Осы мақсатта құрылған комиссияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов жетекшілік етеді. Алдағы уақытта қалған 438 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету бағытында нақты істер атқарылады. Комиссияның бірнеше отырысы өткізілді. Алдымен тұрғын үйге қатысты заңдылықтарға өзгерту мен толықтырулар енгізуге байланысты ұсыныстар әзірленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жасаған сапары барысында бұл мәселені назарға алып, ел Үкіметіне тиісті тапсырма берді. Қазірге дейін тұрғын үйге қатысты заңдылықтар бойынша су тұрғын үйдің жертөлесіне дейін жеткізіледі. Ол «қызыл шекара» деп аталады. Одан арғы бөлігін тұрғындар өз қаржысына жүргізуі тиіс. Біздің ұсынысымыз сол түйткілді шешуге бағытталған. Алдағы уақытта аталған мәселе ел Үкіметінде қаралып, депутаттар қарауына ұсынылады. Содан кейін нақты шешімін табады деген ойдамыз», – деді Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Болатбек Ысмағұлов.

Ыстық сумен қамтамасыз етудің екі жолы бар

Ұсыныс шешімін тапқаннан кейін жобалық-сметалық құжаттар жасалып, техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалады. Қазіргі уақыта осы бағытта мамандар тиісті жұмыстарды қолға алып отыр.

«Көп қабатты үйлерді ыстық сумен қамтамасыз етудің екі жолы қарастырылған. Алғашқысы ашық түрінде деп айтылады. Бұл бойынша үй жылытуға келіп тұрған суға қосылады. Екіншісі жабық түрінде деп бағаланады. Ол бройлер арқылы жүргізіледі. Әрбір көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде орнатылған бройлер арқылы келіп тұрған суық су ысытылып, пәтерлерге жеткізіледі. Әзірге тиімді жоба қарастырылып жатыр», – деп толықтырды басқарма басшысы.

Негізінде тоқсаныншы жылдарға дейін Қызылорда қаласында ыстық су мәселесі болмаған. Дегенмен, одан бергі уақытта бұл мәселе құрдымға кетіп, ұзақ жылдар бойы түйткілді тақырыпқа айналды.

Облыс орталығындағы көпқабатты үйлерге тоқсаныншы жылдарға дейін ыстық су беріліп тұрғанын «Қызылордажылуэлектрорталығы» МҚК бас инженері Наурыз Сатханов растады. Десе де, белгісіз себептермен ол аяқсыз қалған.

Тұрғындар түйткілдің шешілуінен үмітті

Бұл мәселені тұрғындар өз күшімен шешуге тырысты. Әркім өз пәтеріне су жылытқыш құрылғы орнатып алды. Әрине, ол түйткілдің шешімін табуына біршама әсер етті.

«Алайда, жарық өшіп қалған кезде жылытқыш істемейді. Үйдегі күнделікті шаруамыздың барлығына ыстық су керек. Сондықтан, бұрынғыдай ыстық су жүйесін қалпына келтірудің маңызы зор деп санаймын. Бұл мәселе еліміздің көптеген қаласында оң шешімін тапқанын білеміз. Біз де сондай жайлы жағдайды қалаймыз», – дейді қала тұрғыны Аида Нажматова.

Жергілікті билік тарапынан бұдан бұрынғы жылдарда аталған мәселеге орай біршама жұмыс қолға алынған еді. Дегенмен, қаржыға байланысты жоспарлар кең ауқымда жүзеге аса қойған жоқ. Сөйтіп, облыс орталығындағы жүздеген көп қабатты үйдің тұрғындары әлі күнге дейін ыстық судың игілігін көре алмай отырған жайы бар.

Қызылордалықтар ұзақ жылдан бері қордаланып қалған мәселенің оң шешімін табуына үміттеніп отыр. Бұл қала халқының тұрмыс-тіршілігіне игі әсерін тигізетіні анық. Тұрғындардың қалтасына да тиімді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<