Өмір адамға түрлі бақ пен сынақты қатар ұсынып, жүрекке қуаныш пен сағыныштың ізін қатар қалдырады. Әр адамның ғұмырында жүрегінен ерекше орын алатын жандар болады. Бірі – тірегің, бірі – үмітің, бірі – жұмаққа бастар жолың. Менің өмірімде сондай ең қымбат екі адам болды – өмірлік жарым Жеңісбек және жалғыз ұлым Алтынбек. Қос асылым – тірегім де, демеуім де, қуанышым да еді. Бүгін оларды өткен шақпен еске алу – жүрегімді тілімдейтін ең ауыр сәт. Бірақ олардың ғұмыры, мінезі, жан жылуы мені алға жетелеп тұрған шырағымдай. Сол себепті олардың есімін өшіруге емес, жүректе мәңгілікке қалдыруға арналған осы естелікті жазуды өзіме борыш санадым.
Жеңісбекті алғаш көрген сәтім әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде екеуіміз де студент едік. Алматының қоңыр салқын кештері, жатақхана алдындағы ұзын орындықтар, жас жүректің алып-ұшқан сезімі… Бәрі-бәрі көңіл түкпірінде әлі жаңғырып тұр. Мен қарапайым ауылдан арман қуып барған қыз болсам, ол Алматы милиция училищесінде білім алып жүрген байыпты, салмақты жігіт еді. Қасында жүрсең өзіңді бірден қауіпсіз сезінетін, сөзге сараңдау болғанымен, айтқан сөзіне шындық пен бекемдік сыйып тұратын жан.
Жеңісбек менен алты-жеті жас үлкен болатын. Бірақ ол айырмашылық бізге еш бөгет болған жоқ, қайта өмірдің талай тұсында мені тәжірибесімен, сабырлы көзқарасымен қолдап отырды. Оның тәрбиесі, адамгершілігі, еңбекқорлығы маған да күш беретін. Студент кезден басталған сол таныстық үлкен өмірге жалғасып, тағдыр екеуімізді бір шаңырақ астында табыстырды.
Алматыдан Қызылорда облысына, Тереңөзекке келін болып түскен күндерім әлі күнге дейін жүрегіме жылы тиеді. Қазақы салттың, үлкендердің батасының, жаңа өмірдің бастауында тұрған жас келіннің толқынысы… Бәрі де ерекше кезең еді. Жеңісбек сол сәттердің бәрінде қасымнан табылып, әрбір қадамымды жеңілдетіп, жаңа ортаға үйренуге көмектесті. Ол қай жерде жүрсе де, қызметте болсын, үйде болсын адал, таза, сабырлы күйіне ешқашан дақ түсірмеген жан.
МАИ инспекторы болып жұмыс істеген жылдары да ол әркез әділдікті ту етті. Өтірікке жаны қас болатын. Кібіртіктемей, жалтақтамай, қай жерде де ақиқатты айтатын. Тереңөзекте, кейін Тасбөгетте қызмет атқарған жылдарында «Жеңісбек ешкімге зияны жоқ, бірақ әділдігінен таймайды» деген сөзді талай естідім. Сол мінезімен елдің де, ұжымның да құрметіне бөленді.
Жеңісбек сыйлы әке, қадірлі жар, немерелеріне бауырмал ата болды. Қатты сөйлемейтін, ашуға жеңдірмейтін, бәрін сабырмен шешетін. Бізге деген қамқорлығы мен мейірімі жүрегімнің бір түкпірінде әлі күнге сол қалпы сақтаулы.
Жеңісбек екеуіміздің Фарида мен Алтынбектей екі перзентіміз бар. Екеуін бөліп-жармай, тең көріп өсірдік. Бірақ үлкендік жолымен Фарида әрдайым інісіне қамқор болып жүрді. Алтынбек кішкентайынан алғыр, зерек, бауырмал бала болып өсті. Көзінде бір ерекше мейірім, жүрегінде өзгеге деген жылы ниет бар еді.
Алтынбек мектепте үздік оқыды. Әр нәрсеге жауапкершілікпен қарайтын. Мұғалімдердің сенімін ақтап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Кейін Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университетке өз білімімен түсіп, сол жетістігімен ата-анасын ғана емес, ұстаздарын да қуантты. Сол күндердің бірінде университет ректоры, академик Қылышбай Бисеновтің өзі Алтынбектің қолын алып: «Асанов, сен оқуға түстің» дегені – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш, мерейлі сәттің бірі еді.
Университетте де Алтынбек өз биігін түсірген жоқ. Сабақты жақсы оқып, қоғамдық шаралардың бел ортасында жүрді. Ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында өзі қалаған мамандықтың нағыз маманы болып қалыптасты. Білімін жалғастырып, жан-жақты дамуға ұмтылды. Қарапайымдылығы мен адамгершілігі оны көпке сүйкімді етті.
Жұмысқа орналасқанда да Алтынбек өзін бірден көрсете білді. Мұнай саласында есепші, бухгалтер болып қызмет атқарып, талай жауапты жобаларға қатысты. Жұмысында тәртіп пен адалдықты бірінші орынға қойды. Кез келген есепті жетік білетін, әрбір құжатқа үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Әріптестері де оның білімін, тазалығын ерекше бағалайтын.
Бірақ өмірдің өз заңы бар. Жарық дүниенің өз өлшемі, әр жанның өз тағдыры болады екен. Қырыққа толар-толмас әлі талай арманын жүзеге асыра алатын шағында Алтынбекті ауыр кесел алып кетті. Неге бұлай болды, неге дәл бізге деген сұрақтардан жүрек әлі де сырқырайды. Әлі күнге дейін оның есік ашып кіріп келердей бейнесі көз алдымнан кетпейді.
Алтынбектің өмірден өткеніне он жылға жуықтаса да, оның әр сөзі, әр күлкісі, әр қылығы көңіл түкпірінде сақтаулы. Әр туған күнінде, әр есте қалар мерекеде жүрегім бір сәт сыр беріп, сағыныштан шымырлайды. Жас емес, өкініш емес – бұл ана жүрегінің өлмейтін сағынышы.
Тағдырдың басқа салған тағы бір сынағы – Жеңісбектің дүниеден өтуі болды. Алтынбектің қайғысынан арыла алмай жүріп, жарымнан айырылғанда жанымның бір бөлігі бірге кеткендей болды. Жеңісбектің қайтқанына жылдан аса бастаса да, оның да бейнесі әлі жанымда жүргендей. Әр таң атқанда оның баяғыдай асықпай жүрісін, жай сөйлеген үнін естігім келеді. Үйдің бір бұрышында отырғандай, балалардың есімін атағандай сезінетін сәттерім көп.
Ол екеуі кеткеннен бері үйдің де, өмірдің де бояуы солыңқырап қалғандай. Бірақ мен оларды жоқтап, қайғыға батқан жан емес, керісінше оларды құрметтеп, рухын жоғары ұстайтын ана болуға тырысамын. Өйткені олар өмірде тек жақсылық қалдырды, мейірім қалдырды, адалдық қалдырды. Сол мұра маған да, немерелеріне де үлгі болып қалуы тиіс.
Жеңісбек пен Алтынбекті еске алған сайын, адам өмірінің мәні біреуге қанша дүние қалдыруда емес, жүректе қаншалық орын қалдыруда екенін түсінемін. Олар маған ең қымбат сыйларын қалдырып кетті. Жақсы жардың мейірімін, жақсы ұлдың үмітін, жақсы әкенің тәртібін, жақсы азаматтың ізін қалдырды. Кей күндері өзіме-өзім: «Неге дәл мен?» деп сұрақ қоямын. Кей сәттерде: «Олар неге ұзақ ғұмыр сүрмеді?» деп күрсінемін. Бірақ уақыт өте келе бір нәрсені ұқтым – адам өмірінің ұзақтығы емес, мазмұны маңызды. Ал менің екі асылым да ғұмырын мағынамен, адалдықпен, мейіріммен өткізді. Солардың өмірінен күш алып, мен де алға жылжып келемін. Өйткені ізін жалғар Ақылбек, Әділбек, Мадияр есімді үш ұл мен Аянадай қызғалдағымыз бар. Мен олардың сүйікті әжесі болуға әрі үнемі қолдап жүруге тырысамын.
Жеңісбек – менің жарым ғана емес, тірегім, жан досым, ақылшы серігім еді. Ол өмірдің қандай қиын сәтінде де қасымнан табылып, мені ешқашан жалғыз қалдырмады. Ал Алтынбек – кең дүниеге сыймай кеткен жалғыз ұлым. Ол менің ертеңім, үмітім, арманым еді. Олардың екеуі де маған өмірдің ең қымбат сыйы болды.
Бүгінде олар жоқ болса да, маған қалдырған мұралары – мейірім, адалдық, еңбекқорлық, адамшылық – ұрпақтарына, туған-туыстарына, таныған адамға жол көрсетіп тұрғандай. Мен оларды есте сақтаумен ғана емес, солар сияқты адал өмір сүріп, атын құрметтеумен ғана жұбаныш табамын.
Жандары жәннатта болсын деп тілейтін әрбір дұғамда мен олармен сөйлескендей боламын. Өмірдің әр белесінде олардың өнегесін еске алып, жүрегіме басамын. Өйткені адам осы өмірден өтсе де, жақсы аты, жақсы ісі, жақсы мінезі өзімен бірге кетпейді. Олар жүрекке сіңіп, кейінгі ұрпаққа қалады.
Мен үшін Жеңісбек пен Алтынбек – уақыттың емес, мәңгіліктің адамдары. Олардың есімі өшпейді, көмескіленбейді, өйткені олар менің ғана емес, немерелерімнің жүрегінде өмір сүріп келеді. Бүгінгі менің әр тынысым, әр дұғам – соларға деген шексіз сағыныштың жемісі. Олар арманымның бастауы еді, бірақ соңы емес. Өйткені із жалғар, ұрпақ өрбітер немерелерді өсіріп-жетілдіру міндеті тұр.
Несіпкүл АХМЕТОВА





