Арманын аманаттады

495

0

Қаламыздағы Саяхат ықшам ауданының тұрғындары «Сыр бөбегі» балабақшасына келіп, өз таңдауын жасауда. №348 сайлау учаскесі таңғы сағат 7-де еліміздің Әнұранымен ашылды. Учаске ашылғаннан-ақ жұрт дауыс беруге ағылып келе бастады. Әсіресе, сағат 10-ға қарай дауыс берушілер қатары көбейді. Олардың арасында 18 жастағы, яғни, ең жас дауыс беруші Марат Жұмабай да бар. 2004 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Марат биыл алғаш рет саяси науқанға қатысып отыр. Президент сайлауында өз таңдауын жасаған ол өзінің алғашқы әсерімен бөлісіп, пікірін білдірді.

– Бүгін күллі ел үшін айтулы күн болды. Тұрғындардың таңнан бастап белсенділік танытқанына қуаныштымын. Биыл алғаш рет дауыс бердім. Бұл мен үшін есте қалар ерекше сәт. Сайлауға дауыс беруге келгенде ең алдымен еліміздің тыныштығын, тұрақтылығын ойладым. Халқымыз бейбітшілікте, молшылықта өмір сүрсе, дамыған елдердің қатарына қосылса деймін. Қазір жастардың дамуына мемлекет қолдау білдіріп келеді. Сол үрдіс үзілмей, алда дами түссе деген тілегім бар. Көкейде тілек көп. Жалпы, елдің үміті мен арманы ел тізгінін ұстайтын адамға айнымас аманат болса екен. Өйткені, ол біз секілді жастардың да келешегі үшін маңызды, – деді ол.

Қазіргі сәтте бұл учаскеге сайлаушылар бірінен соң бірі үздіксіз келіп, таңдауын жасап жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<