«Артемида-2»: «Орион» Жер орбитасынан шығып, Айға бет алды

7

0

Фото: Еуропа ғарыш агенттігі (esa.int)

«Артемида-2» миссиясы аясында төрт астронавты бар «Орион» ғарыш кемесі Жер орбитасынан шығып, Айға қарай жол тартты, деп хабарлайды ВВС.

Жоспарға сәйкес, АҚШ-тың шығыс жағалауы уақытымен шамамен 19:49-да кеменің қозғалтқыштары іске қосылып, оған транслуналық үдеу импульсі берілді. Нәтижесінде «Орион» Жер орбитасынан шыға бастады.

Қозғалтқыштар шамамен алты минут жұмыс істеді. Бұл миссияның негізгі кезеңдерінің бірі саналады, өйткені осы сәттен кейін кемені Жерге кері бұру өте қиынға соқпақ.

Импульс аяқталғаннан кейін Канада ғарыш агенттігінің астронавты Джереми Хансен адамзаттың тағы бір тарихи белеске жеткенін атап өтті.

Кейін экипаж мүшелері Жердің көлеңке түскен жағының ерекше әдемі көрінісі ашылғанын хабарлады.

NASA өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, үдеу импульсі толықтай сәтті өтті. Бұған дейін «Орион» күн панельдерін сәтті ашып, жоғары Жер орбитасына шығу үшін бірнеше маневр жасаған. Сол орбитада экипаж кеме жүйелерін сынақтан өткізді.

Үдеу сәтінде кеме Жерден шамамен 185 шақырым қашықтықта болған.

Енді астронавтар мінген ғарыш кемесі 6 сәуір, дүйсенбі күні Айға жетуі тиіс. Алайда бұл миссия аясында Айға қону қарастырылмаған. «Орион» Жер серігінің айналасынан ұшып өтеді.

Үш америкалық және бір канадалық астронавт тарихта алғаш рет Айдың арғы бетін өз көздерімен көретін алғашқы адамдар атанғалы отыр.

Осыдан кейін олар Айдың табиғи тартылыс күшінің көмегімен Жерге кері сапарға шығады. Қону ұшып шыққан сәттен кейінгі 10 күн өткен соң жүзеге асуы тиіс.