Қызылорда футболының түлегі Асхат Тағыберген футболдан Қазақстан чемпионатының үздік жартылай қорғаушысы атанды.
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы биылғы маусымды қорытындылады. Футбол лигасы үздік жартылай қорғаушыны анықтау үшін Қазақстан чемпионаты командаларының бас бапкерлері мен капитандары арасында сауалнама жүргізді.
2021 жылдан бастап маусымның үздік жартылай қорғаушысы жүлдесі белгілі қазақстандық футболшы, ал қазір тәжірибелі бапкер Вахид Юнусович Масудовтың есімімен аталады.
Дәстүрлі сауалнама қорытындысы бойынша еліміздің үздік жартылай қорғаушысы болып қостанайлық «Тобылдың» және Қазақстан құрамасының көшбасшысы Асхат Тағыберген атанды. 32-жастағы ойыншы аталған марапатқа екінші рет қатарынан қол жеткізді.
Биыл Асхат Тағыберген чемпионатта 24 матч өткізіп, 8 гол соқты. Сондай-ақ, 5 нәтижелі пастың авторы атанды. Ұлттық құрама сапында Асхат 7 ойын өткізіп, 2 нәтижелі паспен есте қалды.
Үздіктер тізімінде «Астананың» хорватиялық легионері Марин Томасов екінші орынға ие болды. Елордалық команданың легионері кезекті нәтижелі маусымды өткізіп, чемпионаттағы 25 ойынға қатысты. Маусым қорытындысы бойынша ол 15 гол соғып, 9 нәтижелі пастың авторы атанды.
Үздік үштікке шымкенттік «Ордабасы» командасының ойыншысы Эльхан Астанов кірді. 22-жасар футболшы чемпионаттағы барлық ойында алаңға шығып, 7 гол соғып, 6 нәтижелі паспен көзге түсті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<