«…Ат бұлақ басындағы жиналған суды кешіп барып ұсыным жердегі ағып тұрған шүмегінің аузынан ішті. Аузын шәйіп, талмап қайта төгіп, содан соң он бес жұтым су ішті. Онымен қоймай мойнын қаздай иіп суды алдыңғы екі аяғымен алма-кезек орып, баурына шаша бастады. Сейіс атты құрғаққа шығарып, маған ұстатты. Өзі суланған таза шүберекпен аттың көзі мен танауын, шап, қолтығын жуып, омырауына су бүркіп болып, қолымнан алып қораға қарай жетектеді. Қаракер еңсесін тік көтеріп, құлағын қайшылап ширығып кетті.
Сейіс: – Жануар, дүбірді сезіп дарын тартып тұр! Ал қожа бала бүгінгі ащы тері қалай алынады, ат соған лайық шабыс береді. Аттың ащы тері бойында қалса, қияметте қарызы мойныңда қалады. Сондықтан атаң қазақ қандай жағдай болса да аттың тері мен майын жемеген. Қолға алып талаптанған не нәрсеңе қара қылды қақ жарған әділдік пен адал еңбек керек…
Ақылын айта жүре атты жабулап, ерттеп, сыртқа шығарды. Ердің басынан ұстап атқа жеңіл қарғып міндім.
Сейіс: – Ал, айналайын, пешенеңді Алла ашсын! – деп бата берді. Сосын…
Сосынғысын атақты жырау Алмас Алматовтың «Қартаңбай сейіс» атты этнографиялық әңгіме желісі баяндайды. Өткеннің есті естелігі десек те бұл әңгіме өзегінде «ащы тер», «әділдік», «адал еңбектің» парқы бар. Ол нені меңзейді?
Құжатқа құнтсыз қазақ
Заман өзгерді дейміз, бірақ сол заманды құбылтып тұрған адамның амалы. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңнің көбесі сөгілгелі жылқы шаруашылықтарының күйі кетті. Әсіресе, асылтұқымды жылқы зауыттары жабылды, атақты сейістер, ғалымдар, білікті мамандар абдырап қалды. Бірақ, қазақ қанға сіңген қасиетті өнерінен қол үзген жоқ. Қайта ауыл-аймақта көкпар тартып, бәйге беруді үрдіске айналдырды. Нарықтық қатынас асылтұқымды жылқыларды елге жеткізуге жол ашты. Алыс-берістің ашық есігі айналаға көз тігіп, жақсы жылқыларды елге әкелуге мүмкіндік берді. Осының ықпалымен ұлттық ойын айналасында сауда айналымы шарықтап шыға келді. Бірақ…
Бәріне салыстырмалы көзқарас керек. Ұмытпасаңыз, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға Ресейдің автокөліктері еркін сатылды. Жергілікті нарықтан төмен бағаға жаппай ұмтылдық. Ұмтылдық та талай дүниеден ұтылдық. Құжаттың бір жөні болар деп алған кейбір автокөліктер ұрлықы не кепілде тұрған болып шықты. Мұныңыз кеше жаппай тіркеуге алынғанда талайды сан соқтырды. Бәрінің артында құжатқа құнтсыздық тұр еді. Міне, ат спортының айналасында да осы мәселе бар. Егер, бәйге аттарына жаппай құжаттандыру жүргізілсе, талай жылқының шыққан жері, тегі белгісіз қалады. Ал құжатсыз өзге елде ат шаптыру тұрмақ қарасын да көрсете алмайсың.
Ат қосқанның бәрі сейіс емес
Шындығы солай. Қазір ат спортының айналасындағы көп құндылық өзгерген.
– Кей кісілер ат сатып алып, бәйгеге қосып, нәтиже көрсетіп жатса өзін атсейіс санайды. Олай емес. Атсейістік – үлкен өнер. Асқан шыдамдылық, табандылық, сабырлық, құштарлық қажет, – дейді «Қазақ жокей клубының» төрағасы Мақсат Ахаев. – Ат спортында алдыңғы қатарда жүргендер еліне атақты бие келсе ол үлкен әлеует, жаңалық санайды. Онан кейінгі бір ерекшелік – сырттан келген аттарды жарысқа қостырмайды. Тек қолтумаларды шығарады. Солардан шыққандарын өзге елге жарысқа апарады.
Қазақтың жадында, ұстанымында «Аламан», «Құнан», «Топ» деген бәйге түрлері бар. Бірақ оған еуропадан мейлінше арзан аттар әкеледі. Ал классикалық бәйгенің аттары оларда қымбат. Ұзаққа шабатын аттары тіпті қымбат. Сондықтан біздің деңгейіміз төмен. Біз көрші Ресейдің аттарын ұта алмаймыз, өйткені сол Ресейдің өзінен алып отырмыз. Егер жылқы Қазақстанда туып, көрші мемлекеттерді ұтып келсе, онда үлкен жетістік саналар еді. Олай болу үшін Қазақстанға деңгейі өте жоғары аналық жылқы келуі керек.
Мақсат Ахаевтың айтуынша, ат спортында айқын бәсеке, әділдік һәм жетістік қалыптасуы үшін мемлекет тарапынан тұрақты бақылау және қолдау керек.
– Мысалы, Түркияда атақты жылқының жем-шөбі, тұрағы, өзге де қажеттілігі мемлекеттен қарастырылады. Жағдайы бар жылқы шаба да, жақсы тұқым бере де алады. Міне, гәп қайда жатыр!
Ал біздегі жағдай әзір олай емес. Үлкен бір бәйгеде топ жарып келген жылқы онан арғы жарыстарда нәтиже көрсете алмауы мүмкін. Неліктен? Енді қараңыз, шет елдерде арнайы зерттеу, сараптау жүргізетін ұйымдар бар. Сол жүзден жүйрік шыққан тұлпардың тегі қандай, онымен қай биені жұптастыру керек, бәрі-бәрін ғылыми негіздейді. Ал бізде сол баяғы долбар жоба ғана. Статистика жоқ, – дейді «Қазақ жокей клубының» төрағасы.
Мақсат Ахаевтың тағы бір пікіріне зер салмасқа болмайды.
– Бізде бірінші келген ат мықты. Бәлкім оныншы келген ат онан да мықты шығар, осы бәйгеде бабы болмай қалған шығар, оған бас ауыртпаймыз. Дақпырт, даңғазаға елеріп кете береміз. Бұл әлі де қараңғылығымыз.
Қазір Қазақстанда санаулы ғана болмаса көп бапкердің мүмкіндігі аз. Неге? Өйткені, қалтасы көтеретіндер тәуір ат әкеледі. Оған қолтуманың қарымы жетпей қалады. Сонан келіп қаны жоғары жылқы жұлдызды бола береді. Бұл әділдік пе? Әрине, әділетсіздік.
Жылқы да адам тәріздес. Кейбір бала жасында жасық көрінгенімен есейе келе кемелді ерге айналады. Жылқы да солай. Тай-құнанында танылмай дөнен, бестісінде нағыз жүйрік шығатындар бар. Ғылымға әбден нәрленіп өскен ел осындайдың бәрін түртіп, сараптап, таразыға тартып отырады.
Мысалы, өткен жылы «Кабирхан» шапқан шешуші бәйгеде жеке келген ат бұған дейін бар болғаны екі-үш бәйгеге қатысқан. Кейінгі екі-үш жылда мүлде топқа түспеген көрінеді. Сонда оның деңгейін қалай білді? Міне, терең талдаудың нәтижесі. Статистика деген сол.
Бәрін білемін деген адам өтірік айтады. Менің білетінім алда, соны үйренемін деген адам дұрыс адам. Солардан ақыл сұрау керек.
Атсейістік деген сатып алып ат қосу емес. Өзінен өсіріп, өзінен шығарып, өзінен жаратып, мың құбылмалы өте нәзік әрі күрделі өнердің ыстық-суығына көнген әрі нәтижесін көрген адамды атсейіс деуге болады. Сатып алып атсейіс не ат иесі атана бересіз, бірақ бәсекеге төтеп беретін нағыз сейіс атану қиын.
Біз осылай кете беретін болсақ әлі талай шетелге, әсіресе Англия, Франция, АҚШ, көрші Ресей үшін жұмыс істейміз, – деп бір түйіндеді М.Ахаев.
Айтқандай, «Қазақ жокей клубы» жақсы бастаманы қолға алып отыр. Шетелден қандай да бір таза қанды жылқы келсе оның нақты деректерін құжат арқылы жокей клубының кітабына енгізуге болады. Тіпті онда иесінің ешкімге қарызы жоқтығы, жылқының ауру-сырқаудан амандығына дейін дереккөзге алынады. «Бұл ертең үшін керек. Тәртіптің басы. Осылай-осылай сараптама жасалып, әр жылқының жетістігі, әрбір бәйгедегі минут, секундына дейінгі көрсеткіші дереккөзге еніп отырса, сонда ғана шетелге шыға аламыз әрі беделіміз көтеріледі», – дейді клуб төрағасы.
Бауыржанның батырлығы
Алматыдан шыққан әлемге әйгілі шабандоз бар. Германия чемпионы. Тәптіштеп жатпайық, сол Бауыржан бір ғана Германияда 2500-дей ат дайындалатынын, әр сейіс әр аттың тарихын тайға таңба басқандай білетінін айтады. Себебі, барлық бәйге атының нақты кітабы, статистика бар. Осыдан сараптама жасап, қай аттың мүмкіндігі қандай деген ақпаратқа жетік болса шабандоздың біртабан алда отырғаны екен.
– Осыдан екі жыл бұрын Еуропада 600 бәйге ұттым. Ең маңыздысы, Германияда екі жыл чемпион болғаным. Салмағым – 55 келі. 90 пайыз шабандоздардың проблемасы осы. Салмақ негізі 52-ден бастап 60 келіге дейін. Егер 52 келіні ұстай алсаңыз, шанс көп. Мүлде нан жемеймін, тек Қазақстанға барғанда болмаса, – деді ол бір сұхбатында.
Мәселе мұнда емес, мәселе сол Бауыржан айтқан біздің ат спортындағы әлі де болса кенжелеп қалып қойғанымызда. Оның пікірінше, ат спортына мемлекеттен қолдау керек, тәртіп қажет. Қалталылар ақшаны сыртқа емес, елге салуы керек. Сонда ғана негіз қаланады.
– Мысалы, Германияда жақсы деңгей көрсете алады деген бір жылқының құны 100 мың еуродан жоғары. Бұл кәсіпті бизнес деп қарауға да болар, бірақ мұныңыз бизнестен гөрі құмарлыққа келеді. Әйтсе де сол құмарлыққа қалың қалта да керек. Қазақстанға жылқы алып кететіндер бар, бірақ олардың дәрежесе төмен, – дейді Бауыржан Мырзабаев.
Бәйгеде де бәс деген бар. Әйтсе де сол бәс тігудің ақыры абырой емес дегенді айтады шабандоз. Неге? Оның сөзінше, Араб елдері ставка қоймайды. Тігетіндер 100 доллардан асырмайтын көрінеді. Себебі, өте құбылмалы. Ал ондағы жокейлер ешқашан бәс тіге алмайды. Өйткені, өзге атқа бәс тігіп, өзі мінген атты іркіп қалуы ғажап емес. Егер ондай арам ниет байқалып жатса, сөзсіз лицензиядан айрылады. Міне, бұл да тәртіп!
Таға шегесі шетелден келеді
Жасыратын несі бар, біз көп жағдайда тұтынушы қоғамға айналып алдық. Тіпті ат тағалайтын шегенің өзін шетелден алдыратын күйге келдік. Бұл мәселені кезінде Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев көтерді. Сонда ол спорттық бағыттағы қазақы жылқы санын көбейту бойынша заң жобасын талқылау кезінде жылқы шаруашылығындағы елеусіз қалып келе жатқан мәселелерді қозғаған еді.
– Ат спорты индустриясын дамыту бағытында білім саласындағы заңға да өзгеріс енгізуіміз керек. Себебі ат спортында біз ғылымсыз ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Мамандар тәрбиелеу мәселесі, бапкер мен шабандоз дайындау мәселесі бар. Шабандоз балалар салмағы 40 келіден асқаннан кейін ешкімге керексіз болып қалады. Әрі қарай оларды ат спортының маманы ретінде дайындау мәселесі көлеңкеде қалып келеді, – деді депутат.
Сондай-ақ заң аясында жалпы спорт бағытындағы жылқы шаруашылығын тұтас дамытуға назар аударылу керек деген ұсыныс айтты.
– Ат спортын дамытамыз дейміз, оны тағалайтын мамандар да дайындалмайды. Елде ат әбзелдерін жасайтын ұсталар жоқ. Ер мен жүгеннен бастап бүкіл әбзелді Ресейден әкелеміз. Ат тағалайтын шегенің өзін шетелден аламыз. Сарапшылар ат индустриясының көлеңкелі айналымында 500 млн долларға жуық қаражат жүргенін айтады. Заң жобасына соның бәрін көлеңкеден шығаратындай нормалар енгізілсе деген ой бар. Заң аясында қазақи тұқымға қолдау бергеніміз дұрыс. Алайда заң аясында жалпы спорт бағытындағы жылқы шаруашылығын тұтас дамытуға назар аударылса деген ұсыныс бар, – деген депутаттың сөзін «ҚазАқпарат» келтірді.
Аламан бәйге қазақы ойын ба?
Есептеулер бойынша елімізде 4 миллионға жуық жылқы бар. Соның ішінде мыңға жуығы таза қанды түлік көрінеді. «Біз ендігі жерде экспортқа имидж іздеуіміз керек. Әлем көру үшін халықаралық талаптарға сай жұмыс жасауымыз қажет» дейді ендігі бір сөзінде Мақсат Ахаев.
Клуб төрағасының пікірінше, өз елімізде сапалы аукциондар өтуі тиіс. Олай болмаған күнде қазіргі аттардан озатын жылқы тумайды. Тағы бір мәселе – халықаралық талапқа төтеп беретін ипподромдар дайындау. Спортта шанс бірдей болуы қажет. Ал мәдениетті, әділетті бәйге ұйымдастыру экономиканы өзгертеді.
– Жуырда Италияда болдық. 100 мемлекеттен ат спортының мамандары қатысты. Сонда біз қамшының өзін жарты күн талқыладық. Ат ауыздығының өзі сондай уақыт пікір таласқа ұласты. Бізге салса күлкілі шығар, бірақ, қаласаңыз да, қаламасаңыз да халықаралық талап қатаң, барынша әділетті ұстанымдарға көшкен. Тіпті қамшының ішіне батарея орнатып, атқа басқанда тоқпен ұрғандай әсер ететін жағдайды естігенде таңғалдым. Қысқасы, осының бәрі сүзгіден өтіп жатыр.
Енді қараңыз, қазір өзбек ағайындар аттың мәнерлі жүрісі (выездка), кедергіден қарғу (конкур) түрлері бойынша олимпиадаларға қатысуда. Сол үшін Франция, Испанияда 300-дей ат дайындап жатыр. Ал біз сол баяғы аламан бәйгенің соңында жүрміз.
Сәтін салып алдағы уақытта халықаралық жокей клубқа өтсек лицензия бере аламыз. Лицензияның пайдасы не? Бұл – көп нәрсенің кілті. Оның пайдасы алдымен біздің небір білікті атсейістер, шабандоздар үшін сыртқа шығып, халықаралық, әлемдік деңгейде танылу болмақ. Онсыз қанша мықты сейіс не шабандоз болсын шетелде атқора тазалаудан артық ешнәрсеге араласа алмайды. Екіншіден, лицензия арқылы халықаралық жарыстарға, үлкен бәйгелерге шығамыз. Сонда әлгінде айтқан ауқымды аукциондар да өтер еді, елге мықты жылқылар да келер еді, – дейді «Қазақ жокей клубының» төрағасы.
Мәре
Мәре дегеннен шығады, ұмытпасам осыдан екі жылдай бұрын ауданда берілген аста бәйге болды. Көптің шешімімен әуелі сол ауыл-аймақтың тайлары топқа түсіп, жүлде алған жергілікті сейістердің рухы бір көтеріліп қалды. Бұл не үшін? Бұл – сондағы ат жаратқандарға әділ мүмкіндік үшін. Бірақ, мұндай шешім кез келген жерде жоқ. Елдің түкпір-түкпірінен келген аттар аламан, құнан не топ бәйге болсын бәрін өзді-өзді топқа салады да сол баяғы қымбатқа келген аттар жүлде алып шыға келеді. Біз қазақ әлі күнге «аламанға пәлен, құнанға түген» ат қатысты деген даңғаза мақтанның жетегінде жүрміз. Сол аламанға талай күн бейнетін сарп етіп ат қосқан қарапайым ауыл сейісінің жазығы неде? Олар үшін, яғни жаратқан жылқылардың деңгейіне сай неге өзіндік бәйге өткізбеске. Тіпті қазір алдыңғы топты қуып жете алмай, шашырап айналманың әр қиырында қалатын бәйгеден сабақ алатын уақыт жетті.
Қазақ сөз жоқ, жылқының жанын түсінетін халық. Сейістік һәм шабандоздық өнердің шыңына да шыққан. Солай бола тұра сол сара өнердің ақтық сынында әділеттік ауытқып, еңбегі еш кетіп жатқан сейіс көп. Біз атсейіс не осы саланың маманы емеспіз, бірақ, етең-жеңді жинап, бәйгеге де әділетті қоғамға ұмтылыстың сәулесі түсуі қажет. Соның бір парасы – ат спортына құжаттандыруды енгізу. Онсыз бүгінгі бәйгенің «ащы тері» алынбай тұр.
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
«Сыр бойы».





