АШМ: Мал азығына байланысты жағдай бақылауда

562

0

Елімізде 16,1 млн тонна ірі азық дайындалды, бұл жоспарланған жылдық көлемнің 68%-ы. Жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ сайтына сілтеме жасап.

«Ведомствоаралық комиссия 15 тамыздан бастап республикадан ірі азықты әкетуге және жемдік астық экспортына квота беруді уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім қабылдады. Жемдік астық экспортына квоталар көлемін айқындау кезінде АШМ, бірінші кезекте, отандық малшылардың мұқтаждықтары үшін жемдік астықтың жеткілікті көлемінің болуын негізге алады», делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, тамыз айының соңына дейін темір жол көлігімен мал азығын тасымалдауға жеңілдікті тарифтерді (нақты тарифтерден 77%-ға төмен) ұзарту туралы шешім қабылдаған.

Сондай-ақ, шөп дайындау қарқынын күшейту үшін өңірлерге қосымша 43,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, шөп шабу үшін табиғи резерваттардан 211 мың гектардан астам жер бөлінді.

«Азық-түлік корпорациясы» форвард тәсілімен сатып алу бойынша жаңа өнімнен 4-5 сыныпты бидай мен арпаның 170 мың тоннасын сатып алынады.

«Азықтың қосымша қорын құру мақсатында Азық-түлік корпорациясының жемдік қорының көлемін 370 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта қосымша қаржыландыру көлемін тарту мәселесі пысықталып жатыр», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы азықпен қамтамасыз етілу жағдайы бақылауда. Осы облыстарда ірі азықты дайындау көлемі орташа республикалық деңгейден жоғары.

Бүгінгі күні Жамбыл облысында – жылдық ірі азық көлемінің 94%-ы, Түркістан облысында – 84%-ы және Алматы облысында – 74%-ы дайындалды.

«Жекелеген «сарапшылар» болжағандай «мал азығының тапшылығына байланысты 3 млн мал басының өлетіні» шындыққа сәйкес келмейді және ешқандай негіз жоқ.

Үкімет резервінен осы облыстарға сатып алынатын азықтың құнын арзандату мақсатында 3,6 млрд теңге бөлінді (Қызылорда облысына – 1,7 млрд. теңге, Маңғыстау облысына – 1,9 млрд. теңге)», деп мәлім етті мнистрліктен.

Азық-түлік корпорациясының жемдік қорынан Маңғыстау және Қызылорда облыстарына нарық бағасынан төмен бағамен 1,7 мың тонна арпа бөлінді. Үкімет облыс әкімдеріне сабан, оның ішінде бірінші кезекте арпа мен қара бидайды жаппай дайындауды ұйымдастыруды тапсырды.

Азықпен қамтамасыз ету мәселелеріне волонтерлік ұйымдар қосылды. Олар 5,8 мың тонна шөп жеткізіп, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға үлестірді.

Маңғыстау облысы үшін жергілікті бюджеттен қосымша 5,3 млрд теңгені мал азығымен қамтамасыз ету мақсатына пайдалану мәселесі пысықталып жатыр, бұл облысқа қосымша 25 мың тонна шөп және 34 мың тонна жемдік астық сатып алуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кредиттері бойынша қарыздарды ұзарту және қайта құрылымдау туралы шешім қабылданып, өтінімдерді қабылдау басталды.

Жалпы алғанда, қабылданған шаралар қуаңшылық әсерінен туындаған мал азығын дайындау мәселелеріндегі шиеленісті жеңілдету үшін жағдай жасады. Жағдай Үкімет пен өңірлер әкімдерінің тұрақты бақылауында.

«Жоғарыда көрсетілген жедел сипаттағы шұғыл шаралармен қатар мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шаралар дайындалып жатыр. Олар егіншілікті әртараптандыруды одан әрі тереңдету, ауыспалы егістегі азықтық дақылдардың үлесін ғылыми негізделген нормаларға дейін жеткізу, азықтық дақылдардың тұқым шаруашылығын дамыту, жайылымдық алқаптардың пайдаланылуына бақылауды күшейту мәселелерін қамтиды», делінген хабарламада.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<