Бүгін Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша жиын өтті.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент Сенатының депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылығы, өңірлердің қоғамдық даму басқармаларының, «Қоғамдық келісім» КММ, ҚХА қоғамдық құрылымдарының және республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, сарапшылар қатысты.
Кездесуге қатысушылар мерейтойлық жылдың негізгі жобаларын, іс-шараларын және акцияларын талқылады.
– Ассамблеяның 30 жылдығы аясында еліміз бойынша 400-ден астам ірі іс-шара өтеді. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында ҚХА-ның 30 жылдығына арналған еліміздің 25 жоғары оқу орны мен сараптамалық орталықтарында БАҚ-та кеңінен жарияланатын 34 ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар қазірдің өзінде барлық өңірлердегі жоғары оқу орындарында өтуде және өткізілмек. Мерейтойлық іс-шаралар 2025 жылдың 1 наурызында басталады, – деді ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов.
Жиыннан соң Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев өңірлік ҚХА құрылым төрағалары мен эмб төрағаларымен аймақта жоспарланған жобалар мен іс-шараларды жоғары деңгейде жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Қуаныш Әбілдаев әрбір бастама қоғамның бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамытуға, этносаралық қатынастарды жақсартуға септігін тигізетінін атап өтті.






