Риддер қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас көшбасшыларды бір арнаға тоғыстырған «Assembly Jastar Leader Camp» жастар көшбасшыларының мектебі өз жұмысын жалғастыруда. Лагерь аясында қатысушылар заманауи көшбасшылық қабілеттерді дамытуға бағытталған түрлі дәрістер мен тренингтерге қатысып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Бағдарлама барысында аймақтық Oskemen Hub өкілдері жастарға «Бірлікті нығайту мақсатында цифрлық жобалар жасау үшін жасанды интеллект» тақырыбында мазмұнды ойлар ұсынып, IT саласының даму үрдістері мен заманауи стартаптарды қолдау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы «Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы Елена Пак лагерь жұмысына жоғары баға беріп, алған әсерімен бөлісті:
– Бұл лагерь біз үшін жаңа серпін беретін маңызды алаң болды. Мұнда әр өңірден келген жас көшбасшылардың ой-пікір алмасуы, ортақ жобаларға бастамашы болуы – үлкен тәжірибе. Әсіресе, жасанды интеллекттің мәдени жобалар мен қоғам өмірінде қолданылу мүмкіндіктерін талқылау – жастарға тың көзқарас сыйлады. Осындай ортада өскен әрбір жас ертеңгі күннің сенімді көшбасшысы болары сөзсіз, – деді ол.
Жалпы, «Assembly Jastar Leader Camp» жастарға елдің бірлігі мен дамуына үлес қосуға бағытталған жаңа идеялар мен білімді ұштастыратын тиімді алаңға айналды.






