Бүгін тәжірибе және ақпарат алмасу, жаһандық медиа кеңістіктің жаңа архитектурасын қалыптастыру үшін маңызды кәсіби алаңға айналған үш күндік «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» атты Astana Media Week қорытындыланды, деп елордадан тілшіміз хабарлайды, деп жазады syrboyi.kz.
Апталықтың пленарлық сессиясында жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, оның журналистикадағы орны және технология тудыратын тәуекелдер талқыланды. Контентті жаңа аудиторияға бейімдеу, ақпарат дайындауға кететін уақыт пен деректердің шынайылығына ден қою жайы да назардан тыс қалған жоқ.
Екінші күні «Стриминг платформалары: нарық, контент, монетизация. Қатысушылар не күтеді?» тақырыбында креативті студиялар мен платформалардың өкілдері өз жұмыстары туралы айтты.
«Цифрлық дәуірдегі телевизияның трансформациясы» тақырыбында шеберлік сабағын өткізген Еuronews- тің Қазақстандағы бюро жетекшісі Боян Бркич жаңа заман сұраныстары туралы кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар деректі кино түсірудегі жаңа талғам мен жаңа формат, ЖИ дәуірінде ақпарат көздерімен жұмыс істеу туралы да сабақтар өтті. Отандық телевизия продюссерлері, режиссерлері, сценаристер мен операторлар, интернет басылымдардың журналистері ой-пікірлерін ортаға салды.
Апталықтың үшінші күнінде медиатренер Мөлдір Досбайдың «Сауатты журналист», тәуелсіз сарапшы Алексей Смагиннің дата журналистика, PR технолог Ақерке Берлібайдың мемлекеттік қызметшілердің беделі мен имиджі туралы сабақтары өтті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі биылғы «Үздік баспасөз қызметі», «Үздік баспасөз хатшысы» номинацияларына Ішкі істер министрлігі, Атырау облысының баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев лайық деп таныған. Номинацияны Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров табыс етті.
Министрліктің «Заң мен тәртіп» арнайы сыйлығын Бас прокуратурасының баспасөз қызметі, «Ұлтқа қызмет ету» сыйлығын Төтенше жағдайлар министрлігінің бас пасөз хатшысы Динара Нұрғалиева алды.
Astana Media апталығының қорытынды іс-шарасы – «Үркер» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі.
Биыл ұлттық бәйгеде 11 аталым бойынша үздіктер анықталды. Байқауға 400-ден астам өтінім түсіп, үздік жұмыстарды тәжірибелі журналистер мен медиа-менеджерлерден құралған тәуелсіз қазылар алқасы анықтады. Шорт-листке енген 44 номинанттың арасында «Үздік өңірлік БАҚ» аталымын сарапқа салған 4 басылымның арасында Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті де болды.
Гүлжазира Жалғасова,
«Сыр бойы» газеті.
«Қызылорда-Астана-Қызылорда»






