Astana Media Week-2022 апталығы басталды

732

0

Бүгін биылғы күздің басты медиа іс-шарасы – Astana Media Week-2022 басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

26-28 қазан аралығында «Қазмедиа Орталығында» өтетін басқосуда отандық және шетелдік жетекші медиаменеджерлер, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, ақпараттық платформалардың басшылары, журналистер, блогерлер және тәуелсіз сарапшылар тәжірибе алмасып, түрлі талқылаулар жасайды.

150-ге жуық отандық және халықаралық спикер қатысады. 11 елден медиа саласының сарапшылары келіп, пікір алмасып, пайдалы ақпараттар айтады.

Жылдың басты тақырыбы – «Жаңа дәуір – жаңа медиа». Meta – Astana Media Week-тің жеке тақырыбы болады. Компания өкілдері Метағалам туралы жан-жақты ақпарат беріп, әлеуметтік желідегі трендтер тақырыбында сөз қозғайды.

«Сол секілді TikTok компаниясының мамандары медиа апталыққа белсене қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салып, пайдалы ақпарат береді деп отырмыз. Медиа апталықтың бірінші күні, панельдік сессия аясында қатысушылар Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ортақ сын-қатерлерге ортақ жауаптарды қалай табуға болатынын талқылайды», деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желіде.

Екінші күн «Қазақстандағы жарнама медиа-нарығы: қазіргі жағдайы» тақырыбындағы пікірталас алаңынан басталады. Қазақстанның барлық өңірінен келген медиа саланың өкілдері өңірлік БАҚ форумында жиналып, аймақтағы медиа саланың трендтерін, проблемалық мәселелерін және олардың даму жолдарын сөз етеді.

Үшінші күні баспасөз хатшылары үшін бөлек сессия жұмысы қарастырылған. Media Week дәстүрлі түрде баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін «Үркер» сыйлығының салтанатты рәсімімен аяқталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<