Кезінде Абылай хан бабамыз «Үш жүздің басын қоссам, қала салсам, қазақты біртұтас ел етсем» деп армандаған екен. Дана бабаларымыздың сол ізгі арманы арада ғасырлар өткенде жүзеге асты. Қазақстан әлемдік қауымдастық дербес мемлекет ретінде таныған елге айналды. Елбасының бастауымен салынған елорда бақытты елдің байтағы атанды. Сары даланың нақ төріне салынған жас Астананы арада санаулы жылдар өткенде көрікті де қуатты қалаға айналады дегенге кейбіреулер күмәнмен қараған болатын. Алайда көзбен көрген шындық мұны да дәлелдеп үлгерді.
Қазалы аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен шара Астана қаласының мерейлі мерекесіне арналды. Басқосуға кітапхана жанындағы «Руханият» қызығушылар клубының мүшелері, жалын жігерлі жастар, аудандық «Қазалы» газетінің жауапты хатшысы Есет Табынбаев, Өркендеу ауылдық кітапханасының кітапханашысы Несібелі Нұрадин, тұрақты оқырман Мереке Сұлтанбаева, студенттер мен оқушылар қатысты.
– Ұлтымыздың ұлы тұғырына айналған, Алаш жұртының асқақ айбары болған – ару Астанаға биыл 20 жыл! Тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ осынау көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты. Осы уақыт ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты, – деді жас кітапханашы Несібелі Нұрадин.
Шараны қорытындылаған аудандық орталықтандырған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова жалын жігерлі жастарға ризашылығын білдірді.
Астана күнін тіректі елді мекен – Жанқожа батыр ауылының тұрғындары да зор қуанышпен қарсы алды. Орталықтағы саябақта концерттік бағдарлама қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<