Астанада ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулинге естелік тақтайша орнатылды

2464

0

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Құтқарушылар саябағында 2022 жылы адамдарды құтқару кезінде ерлікпен қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған естелік тақта орнатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еске сала кетсек, 2022 жылғы 16 қарашада «Қаһарман» тұрғын-үй кешенінде өрт шығып, соның салдарынан пәтерлерде және саты алаңдарында болған азаматтар өз бетінше ғимараттан шыға алмады. Бірінші кезекте тілсіз жаумен күресушілер шешуші сәтте адамдарды құтқаруды таңдады. Сөйтіп, Асқар Забикулин 12-қабатта орналасқан терезеден құтқару арқаны көмегімен жанып жатқан пәтердің (11-қабатқа) терезесінен түсті, сол уақытта пәтерде адамдар болды. Зардап шеккен 2 адам анықтағаннан кейін, оларды сол уақытта оның әріптестері бұзған кіреберіс есігі арқылы алып шықты. Содан Забикулин көрші пәтерге жүгіріп кіріп, өз бетінше қалың түтіннен шыға алмай отырған 10-жастағы баланы тауып алып, құтқарды.

Дегенмен адамдарды құтқару кезінде А.С. Забикулин 80% жуық дененің термиялық күйіктерін алып, №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрескеннен кейін, 2022 жылғы 20 қарашада ол ауруханада көз жұмды.

Оның батыл, сауатты әрекеттерінің арқасында адам өмірі сақталды. Қызметтік борышын орындау және адамдар өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен өз ісіне берілгендігі үшін азаматтық қорғау капитаны Асқар Серікұлы Забикулин Қазақстан Республикасының І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.

Іс-шара соңында департамент бөлімшелерінің жеке құрамының жазғы нысанды киімін киюге жеке құрамның ұйымдастырылған ауысуы мақсатында саптық байқау өткізілді. Оның қорытындысы бойынша қызметкерлер өздерінің толық дайындығын көрсетті. 

Астана қалалық ТЖД бастығы Қ. Базарбаев саптық дағдылар деңгейін, бөлімшелердің үйлесімділігін, сыртқы келбетін, киім нысанын, қызметтік куәліктердің, жеке нөмірлері бар жетондардың, ТЖД және өрт сөндіру қызметінің жеке құрамының айырым белгілерінің болуын тексерді.

Сондай-ақ 16 жас қызметкер салтанатты түрде ант қабылдады. Департамент бастығы Қуанар Базарбаев пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Аденов жас мамандарды ант қабылдауымен құттықтап, азаматтық қорғау органдары қатарындағы қиындығы көп еңбекте табыс тіледі.

Сонымен бірге 12 сәуірде Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде бірнеше адамның өмірін құтқарып қалған Асқар Забикулин атындағы «Жас өрт сөндірушілер» әскери-патриоттық клубының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға батырдың зайыбы, туыстары мен достары қатысты.

Әскери-патриоттық клубты ашудың мақсаты – өскелең ұрпақты азаматтық-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, бүгінгі күннің батыры, I дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Асқар Серікұлы Забикулиннің батылдығы мен ерлігін таныстыра отырып, білім алушылардың туған халқына деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыру, мақтаныш пен патриоттық сезімдерін ояту, ұлттық рухта тәрбиелеу.

Болашақта әскери-патриоттық клубты толыққанды бейінді сынып ретінде қалыптастыру жоспарланып отыр.

Салтанатты ашылу рәсімінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің құттықтауының бейнетрансляциясы жасалды. Министр өз құттықтауында Алматы облысы білім басқармасының қызметкерлеріне, Абай атындағы мектеп-гимназияның педагогикалық құрамына, ата-аналар ұжымы мен оқушыларға өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелерінде атқарып отырған жұмыстары үшін зор алғысын білдіріп, жаңа табыстар мен жетістіктер тіледі. Сондай-ақ балалардың еліміздің лайықты азаматтары атануына тілектестік білдірді. Бірқатар ұстаздар мен облыстық білім басқармасының лауазымды тұлғаларына ТЖ министрінің алғыс хаттары табыс етілді.

ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, азаматтық қорғау генерал-майоры Нұрболат Дербісов, Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, қаза тапқан батырдың зайыбы Анель Забикулина, Ұйғыр ауданының құрметті азаматтары, зейнеткерлер Ызғарбек Бектұрсынов пен Ноғайбек Дәуренбеков сөз сөйледі.

8 «А» сыныбының кураторы, алғашқы әскери дайындық оқытушысы Нұрлан Әубатыров өз сөзінде оқушыларды құттықтап, жас өрт сөндірушілердің бойында жоғары патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық сезімін, азаматтық борыш пен Отан мүддесін қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерді орындауға дайындығын қалыптастыру бойынша барлық күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.

Іс-шара барысында 8 «А» сыныптың жас өрт сөндірушілері ант қабылдап, Асқар Забикулинге арналған «Даңқ бұрышының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Құрметті қонақтар салтанатты түрде лента кесіп, гүл шоқтарын қойды.

Бұдан әрі Алматы облысы ТЖД қызметкерлері иеліктегі бар өрт сөндіру техникасы мен өрт-құтқару жабдықтарын көрсетті. Балалар өрт сөндіру техникасы мен өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдерін үлкен ықыласпен зерделеп, сұрақтар қойды.

Сонымен қатар, «Жас өрт сөндірушілер» әскери-патриоттық клубының 8 «А» сынып оқушыларына «Бейбіт күннің батыры» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<