Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған колледж студентін 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Syrboyi.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Соттың мәліметінше, студент Telegram мессенджері арқылы тыйым салынған заттар қоймасына жұмысқа орналасқан. Осыдан кейін оның атына Таиландтан Қазақстанға пошта арқылы 998 грамм кептірілген марихуана жіберілген.
2024 жылдың 6 тамызы күні студент өз атына келген сәлемдемені «Қазпошта» филиалынан алып кеткен. Осыдан кейін ол есірткіні дозаларға бөліп, кейін сату мақсатында заңсыз сақтау үшін пәтер жалдаған. Алайда сол күні-ақ оны полицейлер ұстап, үйін тінту кезінде 998 грамм кептірілген марихуана тәркіледі.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Прокурор күдіктіні 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот сотталуышының шын жүректен өкінуін және кәмелетке толмағанын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Сот үкімімен сотталушы Б кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі өндірушілерге жазаны қатаңдататын, ал есірткі тасымалдаушыларға қолданылатын шараларды жұмсартуды қарастыратын заңға қол қойған еді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<