Қолөнер – халық қазынасының ажырамас бөлігі. Ел ішінде он саусағынан өнер тамған, қолөнердің сан саласын меңгерген ісмерлер әлі де бар. Олар асыл мұраның алтын тінін жалғап келеді. Солардың бірі – шиелілік Жанат Нұрылла.
Оның есімі көпшілікке жақсы таныс. Жақында шеберді «URSHYK» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған фестивальде көріп, әңгімелескен болатынбыз.
Ол он жасынан бастап кілем тоқуды меңгерген. Бүгінде шебердің қолынан шыққан туындылары көпшіліктің қызығушылығын туғызып, жоғары бағаланып келеді. Түрлі көрмелер мен фестивальдерге қатысып, шеберлік сағаттарын өткізеді. Халықаралық байқауларға да қатысып, ізденіп отырады.
Шеберге өнер анасынан дарыды. Анасы ауыл-аймаққа белгілі шебер кісі. Текемет басып, кілем тоқып, дәстүрді жандандырды. Арнайы тапсырыспен елімізге белгілі тұлғалардың портретін тоқып, жіппен кестеледі. Кішкентай қыз анасының осы өнеріне қызығып, тоқу ісін үйренді.
– Есімде, бала кезімде «Қазақстан-Америка» деген жазуы бар кілем тоқыдық. Шетел азаматтары көп келетін. Олар кілемге есімдерін жаздыратын. Бірде түркиялық азамат келіп біздің тоқыған кілемдерді суретке түсіріп, бірнешеуіне тапсырыс берді. Кейін білдім, сол кісі кілем тоқитын фабрика ашыпты. Анамнан кілем тоқуды үйренді.
Балалық шағымда кілем тоқу, текемет басу қалыпты іс болатын. Бір көшенің бойында тұратын қыз-келіншектер асармен текемет басатын. Жастар жағы үлкендерден осылай үйренетін. Анам жазда өрнекті далаға құратын. Күні бойы кілем тоқып, қолымыз тез жаттықты. Ептілігіме әжем таңырқай қарайтын. Қасымда ұршық иіріп отырып, қадағалайтын. Көрші-қолаң келсе, ойнатып жібереді. Көз тиеді деп ойласа керек. Студент кезде ауылға каникулға барамыз. Тағы да кілем тоқып, қолғабыс етеміз. Осылайша кілем тоқу кәсібіме айналды, – дейді кілемші.
Мектеп бітірген жылы ол Ташкент қаласына оқуға түседі. Мамандығы – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Қазір де өз саласы бойынша жұмыс істейді. Бірақ қолөнерден де қол үзген жоқ. Қайта жаны қалаған ісін жандандырды. Ауылдық мәдениет үйінің жанынан шеберлер үйірмесін ашып, жастарды баулыды. Балалардың санасына ұлттық мұраны жаңғырту арқылы ой салып, өткенін ұлықтауға түрткі болды.
– Ұрпақтарымыз халқының рухани-мәдени мұралар сабақтастығын білуі керек. Үйірмеде шәкірттеріме ғасырлық тарихы бар қолөнер түрлерін үйретіп, ою-өрнектер арқылы ой салуға тырысамын. Сонда балалардың қызығушылығы оянып, тоқудың қыр-сырына қанығады, – деген шебер үйірменің жастар үшін берері мол екенін жеткізді.
Жанаттың тоқу ісінде қолданылатын станогы өте қарапайым. Кілемнің көлеміне қарай құрылады. Шеберге құрал-жабдығын әкесі қолдан жасап берген. Кейбіреуін кезінде атасы жасаған. Сондықтан ескі жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтайды. Құрылғыға ілінген желіге арнайы дайындалған түрлі-түсті жіптермен кілем тоқылып, бетіне сурет салынады. Өз бетінше ізденіп, ою-өрнектің өзгеше түрлерін қолданады.
Расында, кілем тоқу оңай шаруа емес. Аса сабырлық пен төзімділікті қажет ететін іс адамды шыдамдылыққа үйретеді. Жанат жазда уақытын босқа өткізбейді. Кемі екі-үш тапсырыс алады. Ал қыста жылы киімдер тоқып, сатады. Қазір қыздарына кілем тоқуды үйретіп, қолөнерге баулуда.
Шебер талай көрме, жиындарға қатысты. Еңбегі еленіп, жетістікке жетті. Оның қолынан шыққан кілемдер еліміздің түкпір-түкпіріне жіберілді. Қолөнердің сырын да, сынын да кетірмей жүрген шебер өз ісіне дән риза.
Алдағы уақытта кілем тоқу, киіз басу ісін қайта жандандырып, күнделікті тұрмыста қолдануды көздейді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





