Ата-аналар неге тегін мектеп формасынан бас тартып жатыр?

1186

0

Алматы облысында бір топ ата-ана «Мектепке жол» бағдарламасы аясында берілетін мектеп формасын алудан бас тартып отыр. Бұл туралы turkystan.kz «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Ащыбұлақ ауылының тұрғындары мемлекет үлестіретін мектеп формасын алуға үзілді-кесілді қарсы. Себебі, әкімдік берген киім сапасыз, тігісі сөгіліп, жыртылып қалады екен. Болмаса, өлшемі келмейді. Яғни, бірінші сынып оқушысына бесінші, ал бесінші сынып оқушысына жасөспірімдерге шақ киім бұйырады. Бірақ оны тексеріп, қайта ауыстырып беретін басшы жоқ дейді аналар. Сол үшін Үкімет бөлген қаржыны қолға берсін деп талап етті.

Айтуларынша, жаңа оқу жылында бір баланы киіндіру үшін кемі 80 мың теңгедей қаражат керек. Бұл – қажетті құрал-жабдық пен сөмкені қоспағанда шығатын шығын. Яғни, костюм-шалбарға 25 мың, жейдеге 7 мың, аяқ киімге 10 мың, спорттық киім мен кроссовкаға 38 мың жұмсайды. Сондықтан әкімдік үлестіретін ақша да шығынның тек жартысын жабады деп отыр.

«Өткен жылы алып берген киімдері өте үлкен өлшемде болды. Спортқа арналған киімді өзіміз кидік. Сөмкелері жыртылып қалды. Аяқ киімнің сапасы өте нашар», – деді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Айнұр Ақпанбекова.

«Бізден баланың киім өлшемін хабарласып, сұрап алады. Бірақ қолымызға басқа өлшемдегі киімдер тиеді. Біз өзіміз базарға, дүкенге барайық. Таңдап жүріп, сапалы киім аламыз. Қажет десе, ақшаның есебін де тапсыруға дайынбыз. Тек қаржыны қолға берсе болғаны», – деді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Айша Әбілшаева.

Бірақ әкімдік өкілдері биыл да форманы мектеп үлестіруі мүмкін екенін айтты.

«Биыл біздің бөлімнен қаржыны жеке есепшоттарға жіберу мүмкін болмағандықтан, бізде конкурс жарияланды. Министрлік қаулыға тиісті түзетулер енгізсе, конкурсты тоқтатып, ақшаны аналардың шотына аударуға әзірміз», – деп мәлімдеді Іле аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Қаламқас Сәрсенбаева.

Сөзінше, конкурс жауабы 10 тамыз күні белгілі болмақ.

«Мектепке жол» бағдарламасы аясында бір балаға 25 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылыпты. Яғни, 18 мың теңгеге мектеп формасы, 7 мыңға кеңсе тауарлары алынады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<