Ата-енесін өлтірді деген күдікке ілінген атыраулық азаматтың 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды

23

0

Фото: Нұрбибі Теміртасова

Атырау облысы Жангелдин ауылында ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевтің 5 баласы мемлекеттік мекемелерге орналастырылды.

2026 жылдың 2 ақпанында Махамбет аудандық әкімдігіне облыстық полиция департаментінен шұғыл шара қабылдау жөніндегі ұсыныс хат келіп түскен. Хатта күдіктінің кәмелет жасқа толмаған 5 баласын қауіпсіз жерге, яғни мемлекеттің қорғауына алу керектігі жазылған.

– Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы кәмелет жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен 3 баланы облыстық білім беру басқармасына қарасты бейімдеу орталығына 1 және 3 жастағы екі кішкентайды денсаулық сақтау басқармасына қарасты сәбилер үйіне орналастырылды. Балалардың жағдайы бақылауда. комиссия отырысына балалардың ата-әжесі қатысқан. Атасы шешім заң аясында қабылданса қарсы еместігін білдірсе, әжесі балаларды өзі қарай беруге дайын екенін айтты, – деді Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева.

Бөлім бөлімі басшысының сөзінше, балалар 2025 жылдың ақпан айынан бастап Махамбет ауылындағы Оңай Шонаев атындағы мектепте білім алды. Оларды сабақтан ата-әжесі, кейде анасы алып кететін болған . 2 ақпан күні түстен кейін 3, 1 сынып оқитын және 4 жастағы баланы бейімдеу орталығына тапсырған. Бейімдеу орталығының басшысы Құндыз Ғинаятованың айтуынша, балалардың психологиялық жағдайы бір қалыпты.

– 9,7 және 4 жастағы бала кеше 15:20 шамасында орталыққа орналасты. Ата-әжесіне беруге ешқандай негіз болмағандықтан ата-ана қамқорлығынсыз қалып отыр. Ата-анасы іздестірілуде деп айтты. Балалардың көңіл күй жақсы. Білім алуда. Қаладағы №33 мектеп мұғалімдері ішке келіп сабақ береді. Оларды ата-әжелері әр аптаның жұмасында сағат 17:00-19:00 аралығында кездесу уақытында көре алады, – деді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы Құндыз Ғинаятова.

Сол үйдің екі кішкентайы қазір сәбилер үйінде. Денсаулық сақтау басқармасы олардың денсаулық жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева заңды некеде емес.