Ата заң —елдіктің тұғыры

4

0

Қазіргі кезеңде Конституцияны жаңарту мәселесі тек құқықтық реформаның аясындағы құбылыс емес, ол ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды тарихи қадам болып отыр. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтың құқықтық мәртебесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Экономист әрі ғалым ретінде айтарым: берік құқықтық негізсіз орнықты экономикалық даму болмайды. Конституция – инвестициялық климаттың, кәсіпкерлік еркіндіктің, әлеуметтік әділеттіліктің және адами капиталды дамыту саясатының іргетасы. Сондықтан Ата заңға енгізіліп отырған өзгерістердің сапасы мен мазмұны ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуымен тікелей байланысты.

Жаңартылған Конституция жобасында адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерінің күшейтілуі, Конституциялық соттың рөлінің артуы, азаматтық қоғам институттарын шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тарту мәселелерінің қамтылуы – уақыт талабынан туындаған дұрыс қадамдар. Бұл өзгерістер қоғамда әділдікке, жауапкершілікке және заң үстемдігіне деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Сонымен бірге кез келген конституциялық реформа өзінің нақты нәтижесін құқық қолдану тәжірибесі арқылы ғана дәлелдей алады.

Конституция қағидаттары өмірде жүзеге асқанда ғана қоғамдық сенім нығаяды, ал сенім – экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік келісімнің басты шарты.

Жоғары оқу орындары осы үдерісте айрықша рөл атқаруы тиіс. Университет – тек білім беретін мекеме ғана емес, ол қоғамдық ой қалыптасатын, азаматтық жауапкершілік тәрбиеленетін интеллектуалдық орталық.

Сондықтан студент жастардың конституциялық реформаларды түсінуі, оған саналы көзқараспен қарауы ел болашағы үшін аса маңызды.

Қорытындылай келе, жаңартылған Конституция Қазақстанның құқықтық, экономикалық және әлеуметтік дамуына жаңа серпін беруге қабілетті. Алайда бұл мүмкіндік нақты іске айналуы үшін мемлекет, қоғам және әрбір азамат ортақ жауапкершілікті сезінуі қажет. Сонда ғана Конституция шынайы қоғамдық келісімнің әрі тұрақты дамудың тірегіне айналады.

Б. Досмамбетов,

экономика ғылымдарының докторы,

профессор,

«Болашақ» университетінің құрылтайшысы