Атакәсіпке ынталылар көп

10

0

Қазір еліміздегі мал шаруашылығын дамытуда ауқымды жобалар жоқ емес. Әсіресе, ауыл халқын атакәсіптен ажыратпауға мүдделі бағдарламалар бар. Тек мұның халық арасында насихатталуы, жалпы мемлекеттік қолдаудың ұтымды тұстарын түсіндіру жұмысы тоқтамаса дейміз.

Жалпы Сыр өңіріндегі төрт түлік саны артқан. Облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметте 370,5 мың ірі қара, 616,2 мың уақ мал, 274 мың жылқы және 63 мың түйе есепке енген. Мал басы былтырғы жылмен салыстырғанда, сиыр 2,1, жылқы 6,5, түйе 5,2 пайызға артып, қой мен ешкі саны 95,3 пайызды құрапты.

– Облыста мал шаруашылығы са­ласында бірқатар инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, Жаңа­қорған ауданында «Қожамберді батыр» ЖШС-ның қуаттылығы жы­лына 5 мың басқа арналған мал сою және ет экспорттау орталығы іске қо­­­сылды. Серіктестік Түркиямен мың тонна ет өнімдерін экспорттауға келі­сім-шарт жасады. Сондай-ақ Сол­­түстік Қазақстан облысының тә­жіри­бесі негізінде жеңілдетілген несие­­лендіру арқылы Қызылорда қала­­сында 800 басқа арналған тауар­лы-сүт фермасын құру жобасы қар­жы­­ландырылды. Серіктестік 800 бас голштин тұ­қымды сиыр сатып алу үшін 1 млрд, 160 млн теңгеге «Айс» ЖШС-мен келісімшартқа отырды. Жобаға қажетті құрал-жабдықтарын алу үшін Қостанай облысындағы «MOST Centr Kazakhstan» ЖШС келісімшартқа отырып, 70% қаражаты төленді. Қазір ферманың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал осы жылы 2 тауарлы-сүт ферманың құрылысы жоспарланды. Оның бірі 400, екіншісі 450 басқа арналған, – дейді басқарманың мал шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Жандос Мұстаяпов.

Бұдан бөлек, мал тұқымын асыл­дан­дыру жұмысы жоқ емес. Аймақта есеп бойынша 18 мыңнан астам асылтұқымды мүйізді ірі қара түлігі тіркелген. Ал қой 252,8 мың басқа жетсе, жылқы 3300, түйе 700 басты құрап отыр. 

– Жалпы өңірде асыл тұқымды ірі қара өсіретін бірқатар шаруа­шылық бар. Атап айтсақ, Арал ауданында «Берекет», «Ықы­лас», Қармақшы ауданында «Олжа», Жаңақорған ау­данында «Бақыт­жан», «Бек­арыс С» шаруа қожа­лық­тары жә­не «Жер Қазына» се­ріктестігі, Қы­зылорда қаласында «Аруана», «Ардақ» «Жәдігер» шаруа қо­жа­­лықтарын мысал етеміз. Сонымен қатар, асылтұқымды қой өсі­ретін Сырдария ауданында «Байзақ» жеке кәсіпкерлігі, Шиелі ауданында «Асан», «Әшір­беков», Жаңақорған ауданында «Бақытжан», «Көбелдес», «Ын­ты­мақ», «Мырзабай» шаруа қожа­лықтары жұмыс істейді, – дейді бөлім басшысы.

Салаға қатысты тағы бір жаңалық бар. Ол – Үкімет қол­да­уымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның мал бордақылау алаңдарын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы. Бағдарламадағы негізгі басымдық ірі қара және уақ мал, жем-шөп, жанар-жағармай, ма­мандандырылған техниканың қосалқы бөлшектері мен борда­қылау шаруашылықтарына арнал­ған техникаларды сатып алуға беріледі. Негізі берілген несие­нің кемінде 70 пайызы мал сатып алуға жұмсалуы тиіс. Жалпы былтыр жыл соңына қарай «Аг­рарлық несие корпорациясы» АҚ-ның Қызылорда филиалы мал ша­руашылығы бағытында жер­гілікті 265 кәсіпкерді 4,8 мил­лиард теңгеден астам сомаға қар­жы­ландырған.

Мал шаруашылығын өркен­детудегі тағы бір тиімді бағдар­лама – «Ауыл аманаты». Жала­ғаштық Әлімжан Телібаев осы бағ­дарлама арқасында мал шаруа­шылығын өрістеткен. Атакәсіптен ажырамаған ол өзге жерде жұмыс істемейді, қолындағы бар түлікпен отбасын асырап отыр.

– Жұрт көбіне соғымды қысқа қамдайды, еттің де өтетін уақыты осы. Өткен қыста 15 ірі қара мен жылқы пұлдадық. «Ауыл аманаты» – кәсіп бастауға да, оны да­мытуға да қолайлы жоба. Бе­ретін несиесінің де пайыздық үс­темақысы айтарлықтай төмен. Біз мемлекеттен 2,5 пайызбен 6 млн теңге несие алдық. Бар­лы­ғын шашпай-төкпей, атакә­сіп­ке құйдық. Арал ауданын­дағы «Қо­жағұл ата» шаруа қожа­лығынан асылтұқымды 8 ақбас бұзаулы сиыр мен бір бұқа алып келдім. Барлығы ет бағытындағы ірі қара, бізге де қолайлысы осы, басын бір көбейтіп алсақ, қыстай аталығын бордақылап, аналығын алып қаламыз, – дейді ол.

Ауыл ішінде қарапайым кәсі­бін, күнделікті жұмысын өзгелерге үлгі қылған Әлімжан бастаған шаруасын одан әрі дамытуды жос­пар­лап отыр.

– Осы кәсіпті қолға алғанына 5 жыл болды, пайда жоқ емес, бірақ біз кәсібіміз жүрген сайын оны дамытуға, табысты арттыруға тырысамыз. Бұл – нарық талабы. Әрі «етіміз өтпей қалады» деген уайым жоқ. Ауылдан, аудан орталығынан келіп алатындар бар. Кәсіпорындармен де жұмыс іс­тейміз. Олар бізден етті молынан сатып алады, – дейді ол.

Кәсіпкер мемлекеттен тағы қолдау болса, енді сүт бағы­тын­дағы асылтұқымды сиыр алғысы келеді. Мұндайда ынталы ауыл азаматтарын қолдап, кәсібін ке­ңейтуге кеңес берсе, төрт түліктен тәуір түсім болары анық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»