Атырауда із-түзсіз жоғалып кеткен 23 жастағы бойжеткен әлі табылған жоқ. Жергілікті құтқарушылар бойжеткенді Жайық өзенінен іздеуді 44 күннен соң тоқтатты.
Бұл деректі Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы растады.
– Полиция қызметкерлерінің ұсынысына сәйкес көмек көрсету мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары 22 қазанда іздестіруді бастаған еді. Жоғалып кеткен бойжеткенді іздеу жұмысына 20-дан астам қызметкер, 5 техника, 7 су көлігі мен ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды. Іздеу операциясы аясында Жайық өзенінің жағалауы мұқият тексерілді. Су айдынының түбіннен 4,5 мың шаршы метрден астам аумақ сүзілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полиция департаменті көрсеткен орыннан ағыс бойымен 30 шақырым қашықтықтағы акваторияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Сондай-ақ өзен түбін егжей-тегжейлі зерттеу үшін сүңгуірлер эхолот қолданған. Іздеу жұмысына қызметтік иттер мен кинологиялық топ қатысқан. Құтқарушылармен бірге іздеуге полиция департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілер мен еріктілер көмектескен.
– Іздеу жұмысы 44 күн бойы тоқтаусыз жүргізілгеніне қарамастан еш нәтиже болмады. Ауа райының құбылып, суытуы су көліктерінің техникалық жай-күйіне әсер ететіні ескеріліп, 4 желтоқсанда 2001 жылғы бойжеткенді іздеу тоқтатылды, – деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 23 жастағы бойжеткенді іздеп жатқанын хабарлаған едік. Кейін 23 жастағы бойжеткеннің із-түзсіз жоғалуына байланысты екі күдікті ұсталды. Ал, 22 қазанда жергілікті құтқарушылар жоғалған аруды іздеуге кіріскенін жазған едік.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<