Атырауға үлкен су келді: Жас-кәрі демей бүкіл халық бөгет бекітуге жұмылды

446

0

Фото: Индер ауданының әкімдігі

Атырау облысында Жайық өзенінің көтерілген суын бөгет ұстап тұр. Өзен суы Индер ауданындағы кейбір елді мекендер тұсындағы бөгетке тірелген.

Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, елді мекендерді тасқын судан қорғау жұмысы күндіз де, түнде де жалғасып жатыр. 

Бүгін, 11 мамыр күндізгі сағат 12:00–де Жайық өзеніндегі су деңгейі аудан орталығы — Индербор кентінің тұсында 1027 сантиметрге жетті.

Бұл қауіпті шектен +182 сантиметрге көп. 

Осыған байланысты өзен жағалауды нығайту жұмыстары тоқтаған жоқ.

Мәселен, Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 51 қызметкері Индербор кентіндегі бөгетті нығайтып жатыр.

Департаменттің бас маманы Қадыржан Базарбектің айтуынша, сыр өңірінің құтқарушылар өткен тәулікте инертті материалдар толтырылған 8 мың қап дайындады. 

Жайық өзенінің суы сай-жыраларға құйылып жатыр. Өзеннің кей тұсында 7 метрге жуық жар опырылып, коммуналдық саланың қызметіне кедергі келтірді. 

Атырауға үлкен су келді: Жас-кәрі демей бүкіл халық бөгет бекітуге жұмылды

«Мәселен, 7 мамырда Аққала ауылындағы су тазарту қондырғысының электр қуатын беретін бағана құлады. Сол күні Индербор кентінде тәулігіне 2400 текше метр су беретін су тазарту қондырғысының бірінші көтерілім құбыры ағаш салындыларының кедергісінен үзілді. Соның салдарынан кенттегі Болашақ және Шығыс шағынаудандарындағы 700 абонентке су беру уақытша тоқтатылды. Сала қызметкерлері су тазарту қондырғысындағы ақауды түнгі сағат 00:00–де қалпына келтірді», -дейді аудан әкімі Дарын Шамұратов. 

Атырауға үлкен су келді: Жас-кәрі демей бүкіл халық бөгет бекітуге жұмылды

Өзен жағалауындағы жардың құлауынан Бөдене ауылындағы 110 диаметрлік ауыз су құбырының гидрант орналасқан бетонды құдығы мен су желісінде ақау байқалды.

Оған қажетті құрал-жабдық Атырау қаласынан әкелінді. 

Ал, Елтай ауылдық округінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен аудандық балық инспекциясының инспекторлары су ортасында қалған 80-ге жуық ірі қараны қауіпсіз аумаққа шығарды.

Өйткені, өзен суы осы елді мекендегі бөгетке тірелген. 

Қазір Елтай ауылы мен Индербор кентінде бөгетті бекіту, нығайту жұмысы жүріп жатыр. Оған төтенше жағдайлар саласының, әскер бөлімнің сарбаздары мен тұрғындар атсалысып жүр. 

Ал, кеше түнде Атырау-Орал трассасынан Индербор кентіне бұрылатын 7 шақырым жолды су басты.

Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, 1993-1994 жылдары дәл осы жолды су шайған. 

«Бұл жолға 8 мамырдан бері аталған жол бөлігінің жиегіне топырақ төгіліп, бөгет тұрғызылған еді. Бірақ, кеше жолды екі жағынан жабуға тура келді. Көлік қозғалысын толықтай тоқтаттық. Өйткені, жолға 5-6 сайдан су құйылды. Жолдың жиегіне топырақ төгіп, бөгеу жұмысын жүргіздік. Бүгін таңертең көлік қатынасына рұқсат берілді», -деді Дарын Шамұратов. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<