Аудан әкімі «Батыр аналар» ансамблін құттықтады

315

0

Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев елдің ықыласына бөленген, көптің қошеметін иеленген 30 жылдық тарихы бар Жалағаш ауданы Еңбек ауылдық округіндегі «Батыр Аналар» ансамблінің өнер ұжымын мерейтойларымен құттықтады.
– Бүгін өзінің 30 жылдығын атап өтіп жатқан “Батыр аналар” ансамблі де өңір мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосқан өнер ұжымы. Осы жылдар ішінде бұл ансамбль келешек ұрпаққа үлгі болатын, кейінгі жас өнеге алатын талай істің басында жүрді – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар, Қайратбек Әубәкірұлы:
– «Батыр аналар» – тек ән салып қана қоймай, отбасылық құндылықтарды насихаттап, ұлттық тәрбиені ұлықтап, еліміздің демографиясының дамуына да айтарлықтай үлестерін қосты. Олар 256 бала дүниеге әкеліп, олардан 500-ге жуық немере-шөбере сүйіп отырған ардақты әжелер, – дей келе, ардақты әжелерімізге аудан әкімінің құттықтауын, арнайы сый-сыяпаттарды табыстады.
Салтанатты жиында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Бибігүл Үмбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев сөз алып, облыс әкімінің, облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс, Құрмет грамотасын табыстады.  
Айта кету керек, 19 Батыр анадан құрылған ансамбль 1988 жылдың 7 наурызында ауылдағы мәдениет үйінде ең алғашқы концертін қойды. Ансамбль мүшелері де уақыт өткен сайын ширай бастады. Құрамы да толығып, 26 адамға жетті.
1988 жылдың тамыз айында Алматы қаласында арнайы телевизиялық бағдарламаға түсіп, республикалық телевидениенің «Алтын қорына» сақталды. Аудандық, облыстық деңгейдегі көптеген шараларға қатысып, қайырымдылық көмек шараларынан да қалыс қалған емес.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<