“Ауыл” партиясының алқалы жиыны

303

0

  Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу иститутында “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының кезекті есеп беру конференциясы өтті. Оған партияның аппарат басшысы Қуаныш Сейітжанов пен партия мүшелері, ауданнан келген делегаттар қатысты. Жиын алдымен “Ауыл” ХДПП облыстық саяси кеңесінің жаңа құрамын, Президиумы мен облыстық филиалдың бақылау-тексеру комиссиясын сайлаудан бастау алды. Мұнан соң облыстық филиалдың төрағасы Серікбай Өмірзақов партияның аймақта үш жылда атқарған жұмыстары туралы баяндады.

 Партияның аймақтық филиалы ауылшаруашылық саласының тиімділігін арттыру, озық шаруашылықтар үлгісін жасау бағытында ғалымдар тобын құрып, төрт жыл бойы нәтижелі еңбек еткен. Олардың бастамасымен түрлі  семинарлар өткізіліп, су тапшылығы жағдайында “Жалға егу” технологиясын пайдалану арқылы мол өнім алу мүмкіндіктерін, жаңа сорттар маңызын, тұқым шаруашылығын ұйымдастыру ерекшеліктерін ғылыми негіздеген.  Мұнан бөлек, ұлттық әдет-ғұрыптарды насихаттау, табиғатты қорғау, қоршаған ортаны сақтау жұмыстары да партия назарынан тыс қалған емес.

  – “Ауыл” ХДПП қоғамдық бірлестігі ауылшаруашылық бағытындағы мәселелерді үкімет деңгейінде көтеріп шешуге, саланы заманауи талаптарға сай дамытуға және жұмыс істеуге жағдай жасауда.  Мәселен, еліміздегі күріш егісінің 90 проценті біздің өңірде орналасқан. Бұл бағытта кластерлік жүйе жұмыс жасайды. Соңғы жылдары күріштің экспорттық әлеуеті артып келеді. Дегенмен, осы саланың бәсекелестікке қабілетін арттыру кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен қатар, субсидия, жеңіл кредиттер, егін, мал шаруашылығын, өңдеу салаларын тиімді ұйымдастыруда көкейкесті мәселелер жетерлік. Осының барлығын партия мүшелері тыңғылықты зерттеп, оның оң шешім табуына ықпал етіп келеді, – деді облыстық филиал төрағасы.

  Басқосу соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, пікірлер ортаға салынды. Шара соңында Нұр-Сұлтан қааласында өтетін “Ауыл” ХДПС-ның ХVI съезінің делегаттары сайланды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<