Ауыр атлетикадан Қазақстанның бірнеше рекорды жаңарды

217

0

Қызылордада ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталып, бірнеше салмақ бойынша отандық рекорд жаңартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20 жасқа дейінгі ерлер арасындағы және қыздар арасындағы чемпионатқа 16 командадан 233 атлет қатысты. Командалық бірінші орынды ерлер арасында Қызылорда облысының спортшылары иеленсе, екінші орын Алматы қаласының, үшінші орын Шығыс Қазақстан өңірі спортшыларының еншісінде», – деп хабарлайды Қазақстан ауыр атлеткиа федерациясының баспасөз қызметінен.

Ал қыздар арасында командалық ойында бірінші орынға Алматы қаласының бойжеткендері көтерілген. Екінші орынға Ақмола облысының спортшылары тұрақтаса, үшінші орында – Қызылорда облысының қыздары.

Чемпионатта бірнеше рекорд жаңарды. Атап айтқанда, 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Бектай Асылжан жұлқи көтеруде 1 рекорд (153 келі), серпе көтеруге екі рекорд (191 келі) орнатқан. Сол секілді Қарағанды облысынан келген Артем Антропов жұлқи көтеруде 155 келіні көтеріп, серпе көтеруде 205 келіні бағындырып, екі бірдей рекордты жаңартқан. Чемпионаттың ең мықты спортшыларының бірі екенін – алматылық Сейітқазы Әлішер де дәлелдеген. 102 келіге дейінгі салмақта жасындай жарқылдаған ол алты бірдей мүмкіндігін мүлт жібермей, жұлқи және серпе көтеруде, жалпы есепте 340 келіні бағындырып, үш рекордты жаңартқан.

«Сайысқа зор дайындықпен келген алматылық қыздардың өнерін ерекше атап өткім келеді. Ерлер арасында төрт алтын медальмен Қызылорданың жігіттері алдына қара салмайтынын паш етті», – дейді Халықаралық санаттағы төреші Ақтоты Абдуллаева.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<