Автобус өртеніп, он сегіз адам көз жұмды

511

0

Сәрсенбі күні кешке Пәкістанның оңтүстігіндегі Синд провинциясында жолаушылар автобусы өртеніп, 18 адам, оның ішінде сегіз бала мерт болды, тағы 28 адам зардап шекті. Бұл туралы жергілікті полиция бастығының орынбасары Ваджид Тахим мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, оқиға Джамшоро округіндегі Нұрабад маңында болған. Автобус Карачи портты қаласынан Даду округіндегі Хайрпур-Натан-Шахқа қарай бара жатқан.

Полицияның хабарлауынша, алғашқы тергеу өрттің салқындату жүйесіндегі ақаудан шыққанын көрсетті. Полиция, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер оқиға орнына шұғыл жетіп, өртті сөндіріп, зардап шеккендер мен құрбан болғандардың мәйіттерін ауруханаға жеткізген.

Автобус салонында бір ауылдың 55 жолаушысы болған. Ваджид Тахим қайтыс болғандардың арасында сегіз бала бар екенін атап өтті.

Аурухана қызметкерлері зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін айтты, өйткені зардап шеккендерді қатты күйік шалған екен және олардың жағдайы ауыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<