Автоматты газ тарату станциясы

4

0

15 мың халыққа кезең-кезеңімен газ жеткізуге мүмкіндік береді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданында автоматты газ тарату станциясы жұмысын бастап, Қамыстыбас елді мекеніне табиғи газ қосу рәсімі өтті. Оған құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшылары, облыстық мәслихат төрағасы, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жиналған жұртшы­лықты, «көгілдір отын» игілігіне қол жеткізген қамыстыбастықтарды құттықтап, инфрақұрылым жеткізу саласындағы жетістіктерге тоқталды.

– Мемлекет басшысы: «Үкімет газ тар­тылған елді мекендердің санын барынша арт­тыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп тапсырған болатын.

Бүгінде мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсатының бірі – ауылдарды дамыту. Үкімет пен облыс әкімдеріне қолдау тетіктерін тиімді және мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу міндеті жүктелген.

Сыр өңірінде халық саны 845 мың адам болса, оның 447 мыңы, яғни 53 пайызы ауылда тұрады. Аймақтың негізгі макро­экономикалық көрсеткіштерінде өсім бар. «Ауылдық аумақтарды дамы­тудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында ауқымды жұмыс атқарылуда, – деді облыс әкімі.

Автоматтандырылған газ тарату стан­циясы Арал ауданына қарасты 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңі­мен «көгілдір отын» жеткізуге мүмкіндік береді.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жалғасын табады.

Қызылорда облысында 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайыз болған еді, 2022-2025 жылдар аралығында 65 млрд 100 млн теңгеге 77 жоба жүзеге асырылды. Осылайша биылғы газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті.

Басқосуда ауданның дамуына елеулі еңбегімен үлес қосқан ел ағалары мен газ құбырын тартқан әрі мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Нұржау Ділмағамбетов бата берді.

Шарадан кейін облыс әкімі ауыл тұрғынының үйіне аялдап, газдың берілуін, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне тигізген оң әсерін көрді.

«СБ» ақпарат