Бүгін аудан әкімі еліміз үшін ең қастерлі де қасиетті мереке – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 33 жылдығы қарсаңында бір топ желтоқсаншыларды қабылдап, оларға ерекше құрмет көрсетті.
Ең алдымен халқымыздың ақ тілеуімен келген азаттықтың қадір-қасиетіне тоқталып, сол егемендікке ұмтылыс ретінде тарих бетінде сақталған Желтоқсан оқиғасы туралы сөз сабақтады.
Бүгінде аудан бойынша 30-ға жуық желтоқсаншы тұратыны белгілі. Алайда нақ оқиғаға қатысқан аралдықтардың саны бұдан 2-3 есе көп болуы мүмкін. Сондай-ақ аралдық желтоқсаншы, марқұм Еламан Абдреев атындағы қоғамдық бірлестік құрылған. Қазіргі таңда аталған бірлестік желтоқсаншылардың ортақ мүддесіне жұмыс істейді.
Аудан әкімі басқосу барысында елдегі желтоқсаншылар тарапынан ұдайы көтерілетін ескерткіш орнату және арнайы көше атауын беру мәселесіне тоқталды. Бұл ұсыныс бойынша заңдылықтар мен қағидалар қатаң басшылыққа алынатындықтан, ескерткіш орнату немесе көше атауын беру белгілі бір ережелерге сай жүретінін атап өтті. Жиында аудан әкімі желтоқсаншылардың әлеуметтік мәселесіне де көңіл аударды.
Басқосуда аудан әкімі А.Оңғарбаев 70 жастың төріне шыққан желтоқсаншы, бапкер Нағашыбай Сариев пен зейнеткерлікке шығып жатқан Ұлболсын Құлтаеваларды мерейтойларымен құттықтап, арнайы сый-құрмет көрсетті. Мұнан өзге жиынға қатысушыларға естелік сыйлықтар мен аудан әкімінің мерекелік құттықтауын табыс етті.
Еркін форматта өрбіген басқосуда желтоқсаншылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ризашылықтарын білдірді. Ардагер ұстаз, журналист, «Аралдық желтоқсаншылар» кітабының авторы өзінің мұрағатындағы жеке кітаптарын аудан басшысына табыстап, ыстық ықыласын жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<