Аудан әкімі ардақты аналарға мерекелік қабылдау өткізді

473

0

Фото: Сырдария ауданы

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев “Руханият” орталығында Халықаралық әйелдер күніне орай ардақты аналарға мерекелік қабылдау өткізді. Жиынға ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және ақ жаулықты аналар мен нәзік жанды арулар қатысты.

Аудан басшысы аналарға деген құрмет толастамайтынын атап өтті.

Аудан әкімі ардақты аналарға мерекелік қабылдау өткізді

– Анаға деген құрмет – біздің ұлттық болмысымызға сіңген асыл қасиеттеріміздің бірі. Бала тәрбиесіне қашанда ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз ұрпақ өсірген аналарымызды ардақтап, аялай білген. Барлық уақытта да ең қымбат ұғымдарды – Отан мен Жерді – Ана атымен байланыстырған. Ел тарихының қай кезеңінде болмасын, батыр аналар ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық пен тыныштықтың, өрлеу мен өркендеудің басынан табылды. Дана халқымыз «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді» дейді. Сондықтан қазақ әйелі – мәңгіліктің, елдіктің, биіктіктің өлшемі. Мемлекет басшысы «Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің көп болуына сіздер мол үлес қосып келесіздер» деп атап көрсетті. Өңірдің дамуында әйел азаматшалардың үлес салмағы басым. Сол себепті де аймағымызда әйел-аналарға ерекше құрмет жасалып, оларға зор қолдау көрсетілуде. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен облыс орталығында «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары ашылды. Жақында ғана ауданымызда ұлттық құндылықтарымыз насихатталатын «Руханият» орталығы пайдалануға берілді. Бұл жерде аналарымыз бен әйелдер кеңесіне арнайы бөлме беріліп, аналарымыз бас қосатын іргелі орынға айналды. Бұл – аяулы жандарға деген үлкен қолдау. Ауданымыздың дамуына Сіздердің қосқан еңбектеріңіз зор. Сондықтан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан әкімі ардақты аналарға мерекелік қабылдау өткізді

Қабылдау барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов мерекелік лебіздерін білдірді. Жиын төрінен орын алған ардақты аналар шынайы ризашылықтарын жеткізді.

Ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген аналарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталып, сый-құрмет көрсетілді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі