Азық-түлік бағасын негізсіз көтеруге жол жоқ. Осыған байланысты бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі «Серікбол» сауда үйіне барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына бақылау жүргізді.
Сауда орталығында аудан басшысы халық күнделікті тұтынатын нан, сүт, ұн, көкөніс, қант, картоп, сәбіз секілді өнімдердің қоры мен бағасын бақылап шықты.
– Баға тұрақтылығы сақталуы қажет. Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасын негізсіз өсіруге болмайды. Азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін апта сайын тиісті бөліммен мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондықтан халық тұтынатын тауарлар сапалы және қолжетімді болуы тиіс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сауда үйінің иесі Мадина Омарова халық күнделікті тұтынатын өнімдердің қоры жеткілікті екенін айтты. Аудан әкімі кәсіпкерге сауда орталығы жұмысын жандандыру үшін мемлекеттік бағдарламалар негізіндегі жобаларға қатысуды атап, тиісті бөлімге тапсырма берді.
Бүгінде дүкендер тауар бағасын өз бетінше белгілейді. Алайда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өткізу құны өндірушінің немесе көтерме саудадағы бағадан 15 пайыздан аспауы тиіс.
Ауданда азық-түлік қоры жеткілікті, тапшылық жоқ.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<