Аудан әкімі бірқатар мекеме ғимараттарын аралап көрді

185

0

Фото: Жалағаш ауданы

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш кентіндегі бірқатар мекеме ғимараттарын аралап, олардың қазіргі жай-күйімен танысты.

Нысандарды аралау барысында бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану, оларды басқа мекемелерге беру, жөндеу жұмыстарын жүргізу және күтіп ұстау мәселелері қаралды. Аудан әкімі бұл бағытта тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін алдымен қажетті жағдай жасалуы керек. Әрбір ғимарат ел игілігіне қызмет етуі тиіс. Бос тұрған нысандарды ел игілігіне жаратып, оларды мақсатты әрі тиімді пайдалануымыз қажет. Бұл ретте жөндеу жұмыстары мен күтім мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Айта кетейік, аудандық статистика басқармасы орналасқан ғимарат 1960 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ғимаратты аралап көрген аудан әкімі статистика басқармасын басқа ғимаратқа көшіру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, спорт бөлімін қазіргі орналасқан жерінен «Наркескен» спорт клубының ғимаратына көшіру ұсынылды. Бұл бастама бөлім жұмысын тиімді ұйымдастыруға және спорт саласына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, білім бөліміне кең әрі заманауи талаптарға сай ғимарат қарастыру қажеттілігі айтылды. Бұл мәселе бойынша жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берілді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі