Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов экономика және қаржы саласының ардагері, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» Болатбек Тәшімбетовті қабылдап, 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Қабылдауда аудан әкімі ардагердің өңір дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, «Жалағаш ауданының Құрмет грамотасымен» марапаттады.
«Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген ұрпағына бас-көз бола білген алдыңғы буын ағаларымыздың орны ерекше. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды ардақтап, бүгінгідей құрмет көрсету игі дәстүрге айналды. Бүгін адал еңбегімен халықтың ыстық ықыласына бөленген, экономика, қаржы саласында өзіндік қолтаңбасы бар Тәшімбетов Болатбек Әбілдаұлының 75 жасқа толған мерейтойына орай жиналып отырмыз. Сізді барша аудан жұртшылығы атынан мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өзіңіздің іскерлік қабілетіңіз бен кәсіби шеберлігіңіздің арқасында ауданымыздың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосып, еңбекпен еселенген өнегелі өмір жолыңызда өңіріміздің дамуы үшін аянбай қызмет жасадыңыз. Алдағы уақытта да тәуелсіз қазақ елінің жарқын болашағына куә болып, мағыналы ғұмыр кешіңіз. Әрқашан мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік, абыройыңыз асқақтай берсін! Мерейтойыңыз құтты болсын!», – деді А.Ибраимов.
Сонымен бірге, салтанатты қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, қоғамдық кеңес төрағасы Қожатай Құлмахан, сондай-ақ сала ардагерлері Жұпар Баймаханова мен Баян Ибраева сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдірді.
Кездесу барысында аудан әкімі мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






