Аудан әкімі елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесті

6

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Кеше аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жұмыс сапарымен Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр, Ғ.Мұратбаев, Абай ауылдары және Қазалы қаласына барып, тұрғындармен кездесу өткізді.

Тұрғындармен өткен кездесулер барысында аудан басшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен өңірде инфрақұрылымды жаңғырту, жол жөндеу жұмыстары, ауызсу және электр желілерін жаңарту, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылған жұмыстар жайында тұрғындарға жеткізді. Биылғы жылы жүзеге асырылатын жоспарлар, жаңа жобалар мен алдағы кезеңге белгіленген басым бағыттар туралы толық айтып өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Сыр өңірінде өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысындағы талқыланған маңызды шешімдер, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ата Заңына жалпыхалықтық референдум арқылы өзгерістер енгізу, Конституциядағы адамға бағытталған жаңа өзгерістер жайында тұрғындарға кеңінен түсіндіріп өтті. Осы ретте, аудан басшысы Жаңа Конституция жобасын қолдауда тұрғындарды белсенділік танытып, бірлік пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетуге, елдің жарқын болашағы жолында ортақ жауапкершілік танытуға шақырды.

Аудан басшысы өз сөзінде ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру, халықтың табысын көбейту және шағын кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осы орайда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай және ұйымдастырушылық қолдау тетіктері, жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобалар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріп, көтерілген ұсыныстар мен мәселелер тікелей бақылауында болатынын айтты.

Кездесулер барысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстарға тоқталып, құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және «ішімдіксіз ауыл» бағытындағы жобалардың маңызын атап өтті. Тұрғындарды қоғамдық тәртіпті нығайтуға және аталған бастамаларға белсенді қолдау көрсетуге шақырды.

Сапар аясында аудан әкімі елді мекендер мен Қазалы қаласында орналасқан референдум учаскелерін аралап, олардың материалдық-техникалық дайындығымен, дауыс беру барысын ұйымдастыруға жасалған жағдайлармен танысты. Учаскелердің қолжетімділігі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жағдайлар да назардан тыс қалмады.