Аудан әкімі Ерқанат Көпжасарұлымен бірге Шиелі ауданындағы нысандарды аралады

5

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайдың мүшесі, ақпарат саласының үздігі, Президент сыйлығының иегері, «Ашық алаң» саяси ток-шоуының жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлымен бірге Шиелі ауданындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, олардың жұмысымен таныстырды.

Алдымен қадірлі мейман Қайтарылған активтер есебінен салынған, құны 2 млрд 323 млн теңге болатын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар, аудандық аурухана жанынан 733 млн теңгеге қосымша ғимарат салынып жатқанын, аталған нысанға 650 млн теңгенің заманауи МРТ аппараты орнатылатынын айтты. Бұл жобалар аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға және диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.

Келесі кезекте танымал тележүргізушіге құны 1 млрд 68 млн теңге болатын 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» жұмысы таныстырылды. Аталған білім беру нысандары балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға, қосымша білім беру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Аралау соңында қадірлі мейман жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият» орталығының жұмысымен танысты. Орталық құрамында неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар ресурстық орталығы, ардагерлер мен аналар үйі, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдарға арналған кеңселер орналасқан. Бүгінде орталықта рухани-мәдени бағыттағы іс-шаралар, тәрбиелік және қоғамдық бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Аралау барысында Ерқанат Көпжасарұлы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға оң бағасын берді. Сонымен қатар, танымал тележүргізуші Ерқанат Көпжасарұлы аудан әкімі Айтбай Жандарбековке ризашылығын білдіріп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі