Аудан әкімі іскер әйелдермен кездесті

892

0

Арал ауданы әкімі Серік Сермағамбетов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудандағы іскер әйелдер қауымымен кездесті. Бір топ нәзікжандылар өткен жылы жергілікті кәсіпкерлер мен ел азаматтарының қолдауымен пайдалануға берілген «Кәсіпкерлер үйінде» бас қосты. Жиынға әртүрлі кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп жүрген аяулы аналар мен қыз-келіншектер және іскер әйелдер қатысты.

Бизнес көкжиегіндегі нәзік жандыларды мерекемен құттықтаған аудан әкімі:

– «Сіздер тәуелсіз еліміздің дамуына зор үлес қосып, әрқашан иба мен ізеттің, парасат пен пайымның, мейірімділік пен ізгіліктің ұйытқысы болып келесіздер. Бүгінгі күні билік пен мемлекеттік қызметте, республикалық деңгейдегі басқарушы органдарда әйелдер үлесінің артуы – Сіздердің қарымды қабілеттеріңіз бен іскерліктеріңіздің дәлелі.

Аудан әкімі іскер әйелдермен кездесті

Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі, көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдептіліктің иесі болып, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер. Осы ерекше қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елімізге ырыс-құт дарысын. Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!»- деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Сондай-ақ аудан басшысы өз сөзінде ауданда кәсіпкерлерге арналған орталықтандырылған «Кәсіпкерлер үйінің» іске қосылғанын, нәтижесінде аудандағы кәсіпкерлік нысандарының саны 6 мың көбейгенін, оның ішінде әйелдер үлесі 47 пайызға жеткендігіне тоқталды.

Кездесуде аудандағы белді кәсіпкер Ақыл Сәдуақасова сөз алып, бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекет тарапынан кең қолдаудың бар екендігін, кәсіппен айналысушыларға кедергілердің жоқтығын айтты. Сондай-ақ жаңа жобаларды бастауға ұдайы қолдау көрсетіп жүрген аудан әкімдігіне алғысын білдірді.

Басқосуға қатысушы кәсіпкер әйелдер өздерінің тың бастамаларымен бөлісіп, оны жүзеге асыру барысы бойынша тоқталып өтті.

Кездесу соңы жиылғандардардың пікірлесуіне ұласып, емен-жарқын əңгіме өрбіді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<